Саясат Нұрбек қақпашы Шерхан Қалмұрзаны ақылы бөлімнен грантқа ауыстырды

Автор: Бақыт Шынар

Ол бұрын ақылы бөлімде білім алған

Фото: gov.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек  Қазақ спорт және туризм академиясының студенті, жас қақпашы Шерхан Қалмұрзаға жоғары жетістігі үшін ректордың грантын берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұны Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлап отыр.

«Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек спортшы студентпен кездесіп, бұқаралық спортты дамыту мен сапалы білімнің жастар болашағындағы рөліне тоқталды. Кездесу барысында талантты жастарды қолдау бағытындағы жұмыстар сөз болды. Солардың бірі ретінде ақылы бөлімде оқып жүрген Шерхан Қалмұрзаға ректорлық грант табысталды», - деп хабарлайды министрлік.

Академияның спорт және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Мұхтар Есқалиев оқу орны жастар бастамаларын әрдайым қолдайтынын айтқан. Ал Шерхан Қалмұрза министрдің сеніміне алғыс айтып, футболдың дамуына үлес қосуға ниетті екенін мәлімдеген.