Еңбекшіқазақ ауданының 150-ге жуық шаруа қожалығына қажетті мөлшерде су берілмегендіктен, егіс алқабы қурап жатыр
Биыл Іле өзені бассейні бойынша гидрологиялық бекеттердегі су көлемінің көпжылдық орташа мәннен ауытқығаны байқалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
«Іле өзенінің ағысы толығымен Қытай Халық Республикасына байланысты болғандықтан, бүгінгі күні Іле өзенінің ағысы секундына 78 текше метрді көрсетіп отыр. Негізінен қалыпты көлем - 400-500 текше метр. 2014 жылғы су тапшылығы кезеңімен салыстырғанда, биыл Іле өзенінің ағыс көлемінің азаюы одан да ерте, яғни, маусым айынан басталып кетті. Қазіргі уақытта, Қапшағай су қоймасының деңгейі 477,56 м (қауіпті деңгей – 479 м) ал көлемі – 16,580 млрд текше метр (қауіпті көлем 18,45 млрд текше метр) болып, күніне 50 млн текше метр көлемде су жоғалтып жатыр», - деп жазылған хабарламада.
Осыған орай, алдағы уақытта ағыстың бұдан әрі азайып кетуі Шеңгелді егістік алқабы мен балық шаруашылығын айтпағанда, Қапшағай қаласының тұрғындарын ауыз суымен қамтуға да қауіп төндіріп тұр.
«Осыны ескере отырып және алдағы уақытта Қапшағай су қоймасындағы суды мүмкіндігінше үнемдеуді, келесі жылғы суару кезеңіне су сақтап қалу және экожүйені кері әсерлерден қорғау мақсатында, Тасмұрын магистралды каналының құрылысына шыңдардың (шпоры) орнатылуы жылдамдатып, Қапшағай су қоймасынан су тастау көлемін 450 м3/с азайту мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, Балқаш-Алакөл бассейн аумағында өзен ағыны былтырғы жылдармен салыстырғанда күрт азайып кеткен. Суармалы жерлерді сумен қамту мәселесі Министрліктің ерекше бақылауында», - деп мәлімдеді Министрлік өкілдері.
Естеріңізге сала кетсек, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының 150-ге жуық шаруа қожалығына қажетті мөлшерде су берілмегендіктен, егіс алқабы қурап жатқанын жазған едік. Шаруалар мыңдаған гектар жерге соя, жүгері, бидай, жоңышқа егіпті. Жерден емген ел диқандары Бартоғай бөгеніне жиналған судан жаз бойы егін сауарып, қажетті суды сатып алады. Алайда, қоймадағы су мөлшері «азайып кетті» деген желеумен, «ҚазСу шаруашылығы» берілетін су көлемін күрт қысқартып тастаған.