Технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс – президент

Автор: Нұргүл Абай

Артықшылыққа ие топтарға әлдебір құндылықтар мен ойлау моделін қоғамға таңуына жол беруге болмайды дейді мемлекет басшысы

Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологиялары таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жаһандық өркениеттің келбетін өзгертетін басты күш ретінде жасанды интеллект бүгінде адамзат өмірінің мәнін қайта саралауға мәжбүрлеп отыр. Бұл – баршамызға үлкен сынақ. Сондықтан біз инженерлер мен басқа да кәсіп иелерін, сондай-ақ осы технологияның мәні мен даму беталысын пайымдай алатын гуманитарлық сала мамандарының жаңа буынын тәрбиелеп шығаруымыз керек», - деді ол Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумының пленарлық отырысында.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллектіде түрлі қоғамның болмыс-бітімі, дәстүрі, құқықтық нормалары мен адамгершілік қағидалары көрініс табуға тиіс.

«Сондықтан оны дамытуға философтар, әлеуметтанушылар және заңгерлердің атсалысатынына сенімдімін. Технология әлеуметтік теңсіздікті ушықтырмауы, азаматтардың мінез-құлқы мен таңдауына манипуляция жасамауы керек. Ол үшін тиімді шаралар қабылдауымыз қажет. Артықшылыққа ие топтар алгоритмдерді пайдаланып, әлдебір құндылықтар мен ойлау моделін қоғамға таңуы ықтимал. Оған жол беруге болмайды. Бұл әлемнің мәдени әралуандығына қиянат жасау болып саналады. Технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс. Әділ шешімі осы», - деп атап өтті мемлекет басшысы.

Айта кетері, биылғы форумға Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок,  Telegram негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai бас директоры Ли Кай Фу, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стербулаев және high-tech индустриясының басқа да өкілдері қатысып жатыр.