Үнсіздіктің құны – өлім: «AMANAT»-та балалар арасындағы суицид мәселесі талқыланды

Автор: Бақыт Шынар

Қазақстанда сегіз ай ішінде 122 бала өз-өзіне қол жұмсаған 

Фото: партияның баспасөз қызметі

Биыл сегіз айда Қазақстанда кәмелетке толмаған балалар арасында 122 өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5% төмен. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің отырысында айтылды. Кеңес төрағасы, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева былтыр ашылған психологиялық қолдау орталықтары барлық өңірде суицидтің алдын алудың негізгі институционалдық құралы болғанын атап өтті.

Оның айтуынша, басты міндет – өз-өзіне қол жұмсау тәуекелдерін уақтылы анықтау және мұқтаж жандарға дер кезінде қолдау көрсету. Ол үшін психологиялық қолдау орталықтары (ПҚО) мектеп психологтарының жұмысын жүйелі әрі кәсіби тұрғыда ұйымдастыруы аса маңызды.

«AMANAT» партиясының Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңесі алаңында еліміздің барлық өңіріндегі ПҚО жетекшілері жиналды. Оның жұмысына Мәжіліс депутаттары, министрліктердің, әкімдіктердің және бейінді ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен әлеуметтік педагогтар қатысты.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл биыл сегіз айда кәмелетке толмағандар арасында 122 өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелгенін айтты. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5%-ға төмен. Жағымсыз жағдайлардың басым көпшілігі Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласына тиесілі – 56%. Жоғары өсім Жамбыл, Қостанай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады. Сонымен қатар Алматы облысында 10 жылда алғаш рет өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының айтарлықтай төмендегені тіркелді. Шымкентте де азайып келеді. Ал Абай облысында осындай оқиғалар саны екі есе азайды.

2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, психологиялық қызметті трансформациялау жұмысы жүргізілді. Өңірлерде балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселелерін үйлестіру жұмысы ПҚО-ға бекітілді. Осындай оқиғалар санының тұрақты түрде төмендеуіне қол жеткізу мақсатында барлық қабылданған шараны жүзеге асыру сапасы бойынша тұрақты жұмыс қолға алынуда. Мәселен, биыл маусым және қыркүйек айларында Мемлекеттік кеңесші Е.Т. Қариннің төрағалығымен облыс әкімдері орынбасарларының, уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен кезекті кездесу өткізілді. Онда балалар қауіпсіздігіне қатысты барлық мәселе пысықталды. Кәмелетке толмаған балалар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша жүйелі тәсіл енгізу жөнінде Психологиялық қолдау орталықтарының қызметі айқындалды.

«Бүгінде біздің басты мақсатымыз – психологиялық қолдау орталықтарының жұмыс сапасына қатысты барлық мәселені пысықтау. Себебі олар мектеп қабырғасында ерте анықтау жүйесінің сапасын ұйымдастыру кезінде және балаларға көмек көрсету барысында шешуші рөл атқарады. Қай бағыттарға назар аудару керек екенін түсіну үшін біз өз-өзіне қол жұмсау фактілері мен әрекеттеріне, соның ішінде баланың мұндай әрекетке бел буу себебіне, диагностика сапасына және одан әрі зерттеулерге кешенді талдау жүргіземіз», – деді Динара Зәкиева.

Талдау жұмысы көрсеткендей, жасөспірімдер суицидінің 62 пайызы ата-анамен күрделі отбасылық қарым-қатынасы, соның ішінде ата-ананың айыбына қалудан қорқуы, мазақ етуі, қатыгездік, қысым мен жоғары талап, бала мүддесін елемеу, ата-ананың балаға тиісті назар аудармауы мен қамқорлық жасамауы кесірінен орын алады. Соның ішінде осындай жағдайдың 10 пайызында балалар қиын жағдайда өмір сүрген, ал 22% жағдайда мектеп қабырғасында өзге балалар мен ересектер тарапынан буллинг жасалған, жауапсыз махаббатқа тап болған. Бұл ретте, оқиғаның 10%-ы әдебиеттің белгілі бір түріне, ойындарға деген құмарлықтан, 5%-ы психикалық ауру салдарынан орын алды.

Динара Зәкиева атап өткендей, өз-өзіне қол жұмсау фактілерін зерттеу кезінде 44 жағдай бойынша балалар бойынан суицид белгілер анықталғаны белгілі болды. Яғни, оларды құтқарып қалуға болар еді. Алайда тиімді жұмыс жүргізілмеуіне, мектеп психологтары тарапынан тиісті көмек болмауына және себеп-салдармен жұмыс істелмеуіне байланысты, оң нәтиже болған жоқ. Осыған байланысты, Психологиялық қолдау орталықтарының жетекшілерімен кездесу барысында барлық мектепте диагностиканың бірыңғай бағдарламасын енгізу сапасының мәселелері және тәуекел аймағындағы балаларды қолдау және оларға көмек көрсету жөніндегі жұмыс алгоритмі егжей-тегжейлі талданады.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова орталықтар жұмысының тиімділігі ең алдымен кадрларға және мамандардың кәсіби даярлығына байланысты екенін айтты.

«Өкінішке қарай, кейбір өңірлерде орталықтар әлі де толық жасақталмаған. Соның салдарынан диагностика мен балаларға көмек көрсету жұмыстары әлсіз ұйымдастырылып отыр. Қолдау орталықтарында мамандардың кәсіби даярлығы мен бірыңғай тәртіппен жұмыс істеуі шешуші рөл атқарады. Соған қарамастан, оң нәтижелер де бар: мәселен, Алматы облысында балалар арасындағы суицид көрсеткіші 50%-ға азайды», – деді ол.

Алматы облыстық білім басқармасының Психологиялық қолдау орталығының директоры Айгүл Есімбекова жасөспірімдер арасындағы суицидтің азаюына ықпал еткен тәжірибелерімен бөлісті.

«Өңірде кешенді іс-шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Мұғалімдер мен ата-аналарға арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылып, өзіміз әзірлеген әдістемелік құралдар мен оқушылардың жағдайын бақылауға арналған цифрлық платформалар енгізілді. Кері байланыс жүйесі мен «QR111» сенім телефонының жұмысына ерекше көңіл бөлінуде. Аталған қызмет «тәуекел тобындағы» балаларды дер кезінде анықтап, оларға шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біз көптеген жасөспірімге қолдау білдіріп, өмірін сақтап қала алдық. Балалардың бізге білдірген сенімі мен үміті – істің нәтижелі жүріп жатқанын көрсетеді», – деді ол.

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірінде әкімдіктер жанынан балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылуда. Бұған дейін мұндай үйлестіруші құрылым болған жоқ. Енді психологиялық қолдау орталықтарының, отбасыны қолдау қызметтерінің және қамқоршылық органдарының кеңейтілген өкілеттіктерімен бірге балалар құқығын қорғаудың жаңа жүйесі қалыптасуда. Биыл басқармалар жеті өңірде ашылады, ал келесі жылы тағы он үш өңірде құрылмақ. Соның алғашқысы – Ақтөбе облысы.

Ақтөбе облысы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әліби Латып мамандандырылған басқарма ашу қадамы өңірлік деңгейде балаларды қорғау жүйесін қайта құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Біздің міндетіміз – тек орын алған фактілерге назар аудару ғана емес, қауіптің алдын алу, барлық салалық қызметтің жұмысын үйлестіру және балалар мен отбасыларға уақтылы көмек көрсету. Бұл психологиялық қолдау көрсету, зорлық-зомбылықтан, буллингтен қорғау, білім алуға және қауіпсіз дамуға құқықты қамтамасыз ету мәселелерін қамтиды. Басқарма мектептер, отбасыны қолдау орталықтары, қамқоршылық органдары мен құқық қорғау құрылымдарының жұмысын үйлестіріп, балаларға көрсетілетін көмектің қолжетімді әрі барынша тиімді болуын қамтамасыз етеді», – деді ол.

Жаңа басқармалардың тиімді жұмыс істеуі үшін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Д.Б.Зәкиева депутат, «AMANAT» фракциясының мүшесі С.В.Имашевамен бірлесіп, заң жобасына түзетулер әзірледі. Онда осы органдардың мәртебесі, өкілеттіктері мен қызметтері бекітілді.

«Бұл заң жобасы қазір Парламентте, Үкімет қорытындысын алуға жолданды. Аталған құжат жыл соңына дейін қабылданады деген үміттеміз. Ол өз кезегінде жаңадан ашылатын басқармалардың жұмыс сапасын қамтамасыз етеді», – деді Динара Зәкиева.

Отырысқа қатысушылар психологиялық қолдау орталықтарының жұмыс сапасын жүйелі түрде арттыру, бірыңғай іс-әрекет алгоритмін енгізу және әкімдіктер жанындағы жаңа құрылымдар арқылы ведомствоаралық үйлестіру жұмысын қамтамасыз ету қажет деген ортақ пікірге келді.