Шенеуніктердің салғырттығынан мектепті жөндеу жұмыстары «шала» қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Солтүстік Қазақстандағы кейбір мектеп оқушылары құрылысы бітпеген мектепте білім алып жатыр

Azattyq ruhy

Солтүстік Қазақстандағы кейбір мектеп оқушылары үшін жаңа оқу жылы жағымды бастала қойған жоқ. Балалар жөндеу жұмыстары аяқталмаған, шаң басқан ғимараттарда білім алуға мәжбүр, - деп хабарлайды «Azattyq ruhy»тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында 130 білім ордасын күрделі жөндеуге 5 млрд. теңге бөлінген. 10-нан астам мектепте құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін жүріп жатыр. Облыстық білім басқармасы оның себебін тиісті құжаттардың дер кезінде рәсімделмеуімен түсіндірді. Уақытылы тапсырылмай отырған нысандардың басым көпшілігіне «Севинсталькон» ЖШС жауапты. Қызылжар ауданына қарасты Якорь орта мектебі – солардың бірі. Мұнда жөндеу жұмыстары 2 ай бұрын басталған.

«Жобалық құжат бойынша ескерілмеген дүниелер көп, бірқатар өзгертулер енгізілді. Сондықтан, жоспарланбаған қосымша жұмыс пайда болып жатыр. Оның барлығына уақыт қажет. Апта соңына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз деп ойлаймын», - дейді құрылыс компаниясының директоры Сұлтан Газдиев.

2005 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген Якорь орта мектебін қалыпқа келтіруге 50 миллион теңге бөлінген. Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу кезінде жөндеу жұмыстарына қатысты көп мәселенің ескерілмегендігін мойындады.

«Жобалық-сметалық құжаттар 3 жыл бұрын әзірленген. Оған жөндеу жұмыстары басталмас бұрын өзгертулер енгіздік. Мердігер белгіленген мерзімде бәрін аяқтап, нысанды дер кезінде тапсыруы тиіс еді. Қазір негізгі корпуста жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондықтан оқу процесіне кедергі жоқ. «Севинстальконға» ресми түрде 2 рет хат жаздық. Енді аталған компанияны сотқа беру үшін тиісті құжаттарды әзірлеп жатырмыз», – дейді Алма Нұрғалиева.

Бірінші тоқсан басталғанымен оқушылар қазір тек негізгі пәндерді ғана оқып жүр. Жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына байланысты мектеп асханасы іске қосылмаған. Бірнеше дәретхана да жабық тұр. Мектеп қарамағында 50 балдырғанға шақталған шағын орталық пен дәл осынша орынды қамтитын интернат бар. Әзірге екеуінің де есігіне қара құлып ілінген.

«Интернатта Альшанка, Вознесеновка, Вишневка сынды көрші ауылдардан келген балалар тұрады. Қазір аталған оқушыларды тасымалдау үшін автобус бөлінді. Оларды көлік алып кетіп, апарып тастайды. Сондықтан балалар сабақтан қалып жатқан жоқ. Директор денсаулығына байланысты жұмыстан шығып кеткен. Мен оның міндетін ғана атқарып жүрмін. Сондықтан көп сауалға жауап бере алмаймын», - деп қысқа қайырды Якорь орта мектебі директорының м.а. Құрманке Айсин.

Ал, ата-аналар болса балаларының өмірі үшін қауіптенетіндерін жасырмайды. Дегенмен, қатарынан қалып қоймас үшін амал жоқ, құрылысы жүріп жатқан ғимаратта оқуына көндігіпті.

«Мектеп салқын, әрі шаң. Бала күнде тоңып келеді. Әлі кеуіп үлгермеген бояу иісі аңқаны қабады. Құрылыс жүріп жатқан жерде оқушылардың өміріне қауіп төнетіні рас. Бірақ басқа амал жоқ. Бағдарламадан қалып қойса, тағы қиын», - дейді ата-ана Гүлнұр Ғазизова.

Петропавл іргесіндегі Вагулино, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тахтаброд, Урожайное, Володарское, Айыртау ауданындағы Лобанов Бірлестік, Есіл ауданындағы Явленка, Жамбыл ауданындағы Кладбинка орта мектептерінде де дәл осындай жағдай. Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Мамлют ауданындағы Андреевка, Воскресеновка, Мағжан Жұмабаев ауданының Бастомар ауылдарындағы мектептердің жөндеу жұмыстары тамыз айында ғана басталған. Облыстық білім басқармасының өкілдері мердігерлерді айыптайды, ал құрылыс компаниялары тиісті құжаттардың уақытылы дайын болмағанына шағымданады. Ал оның зардабын балалар мен ата-ана шегіп отыр.

Айта кетейік, биыл Солтүстік Қазақстан облысында 9 мың бала бірінші сынып табалдырығын аттады. Жалпы оқушылардың саны 70 мыңнан асып жығылады. Олардың 45 мыңы биыл күрделі жөндеуден өткен мектептерге баруы тиіс болған.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы мектептердегі бала жетіспеушілігі жағынан республикада бірінші орында. Өңірдегі орта мектептердің 78 пайызы баламен толықпаған. Биыл жазда облыстағы бес ауданда 7 бірдей орта оқу орны жабылып қалды. Олар мемлекеттік нормативке сәйкес келмеген, яғни, бір мектепте оқитын оқушылар саны 5 балаға да жетпеген. Бұдан бөлек, тағы үш аудандағы 7 мектеп 3 мектепке біріктірілді, тағы төртеуінен орта мектеп статусы алынып, бастауыш мектепке өзгертілді.

Осы ретте айта кету керек, биыл СҚО-да «Мектепке жол» акциясы аясында екі мыңнан астам балаға көмек көрсетілген. Аталған қайырымдылық шара жыл соңына дейін жалғасып, тағы 8 мың оқушыны қамтиды деп жоспарлануда.

Өңірде сондай-ақ, ата-аналарға арналған «қауырт желі» де жұмыс істеп тұр. Кез-келген ата-ана білім басқармасымен байланысу арқылы оқулық тапшылығы мәселесін шеше алады.