Қазақстанда қарттарды әлеуметтік қолдау шаралары кеңейіп келеді

Автор: Бақыт Шынар

Бүгін - Халықаралық қарттар күні

Фото: istockphoto.com

1 қазан – Халықаралық қарттар күні аясында Қазақстанда зейнеткерлерге арналған әлеуметтік бастамалар мен қолдау шаралары туралы мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазір республикада 2,5 миллионнан астам зейнеткер өмір сүріп жатыр. Үкіметтің әлеуметтік саясатының басты бағыты – әр азаматтың лайықты қарттық өмірін қамтамасыз ету.

Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер:

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 8,5% өсті

Базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес индекстелді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, базалық зейнетақы кезең-кезеңімен көбейіп келеді: 2025 жылдан бастап ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 65%-дан 70%, ең жоғарысы 105%-дан 110% дейін өседі.

Қарттарды қолдау инфрақұрылымы:

Елімізде 127 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.

2025 жылы олардың қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 7,5 млрд теңге бөлінді.

«Орталықтар қарттардың өмір сапасын арттыруға, белсенді әрі мазмұнды өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған. Мұнда йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі сабақтары ұйымдастырылады», - деп хабарлайды Еңбек министрлігі.

Қарттар күніне арналған іс-шаралар:

1 қазаннан бастап елімізде Қарттар айлығы өтеді. Айлық аясында әкімдіктер, ұйымдар мен кәсіпорындар ардагерлермен кездесулер, Ашық есік күндері, түрлі мәдени-әлеуметтік шаралар ұйымдастырады.

Халықаралық қарттар күні алғаш рет 1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен белгіленген. Оның негізгі мақсаты – қариялардың еңбегін құрметтеу, олардың қажеттіліктеріне қоғам назарын аудару және өмір сапасын жақсартуға жағдай жасау.