Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады
Ішкі істер министрлігі әскери қызметшілерге арналған ақшалай қамтамасыз ету және жәрдемақы төлеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңа түзетулерге сәйкес, «даладағы төлемдер» деп аталатын жаңа категория бекіді. Ол әрбір тәулік үшін 4 718 теңгеге тең, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің бұйрығына сәйкес, ереже жаңа 8-1-параграфпен толықты. Онда әскери қызмет өткеру жағдайына байланысты қосымша төлемдер қарастырылған.
Дала төлемдері мерзімді әскери қызметшілерге, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттеріне, жиынға шақырылған әскери міндеттілерге және резервте қызмет етушілерге қолданылмайды. Қалған әскери қызметшілерге дала жағдайындағы шығуларда, теңізге шығуда, оқу-жаттығулар мен жорықтарға қатысқанда тәулігіне 1,2 АЕК мөлшерінде төленеді. Бұл ретте іссапар шығындары бөлек өтелмейді.
2025 жылы 1,2 АЕК – 4 718 теңге болып белгіленген. Төлемдер әскери бөлім командирінің бұйрығы негізінде есептеліп, дала жағдайындағы жұмыстар аяқталғаннан кейін 7 жұмыс күні ішінде төленуі тиіс.
Бұйрық 2025 жылғы 4 қазанда, ресми жарияланған күннен кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.