Жалпы, еліміз бойынша 100 жасаған 448 адам бар
Қазақстанда 100 жасқа жеткен және одан да ұзақ өмір сүріп жатқан 448 адам бар. Ал еліміздегі ең қарт кісі Ұлытау облысында тұрады: жуырда кейуана 115 жасқа толды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еңбек министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жасы 100-ден асқан қарттардың көбі Алматы қаласында тұрады. Бұл шаһарда ғасыр жасаған 58 қария бар.
Ұзақ өмір сүрген қарттардың саны бойынша екінші орында – Түркістан облысы. Онда 100 жастан асқан 53 адам бар.
Үшінші орында Алматы облысы тұр: мұнда 100 жастан асқан 37 қария өмір сүріп жатыр.
«Қазақстандағы ең қарт кісі Ұлытау облысында тұрады, кейуананың жасы – 115-те. Павлодар облысында жасы 113-тен асқан бір қария, Жамбыл облысында 110 жасқа келген бір кісі бар», – деп хабарлады Еңбек министрлігі.
Айта кетейік, ертең, яғни 1 қазанда, Қазақстанда Қарттар күні тойланады. Халықаралық қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 45-сессиясында қабылданған.