Семейге 40 млрд теңгеден астам инвестиция тартылмақ: президент Жолдауындағы басым бағыттар қалай іске асып жатыр

Автор: Темірхан Айжан

Өндіріс көлемі екі есеге жуық өсті

Фото: iStockphoto.com

Қазақстан жаңа экономикалық кезеңге қадам басты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының алдағы онжылдықтағы басымдықтары айқындалды. Жолдауда индустрияландыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне баса назар аударды. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық». Бұл тапсырмалардың орындалуы өңірлердің белсенділігіне тікелей байланысты. Елдің шығысындағы Семей қаласы соңғы жылдары өнеркәсіптік серпінімен ерекшеленіп келеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Үкімет пен жергілікті биліктің қолдауы

Семей индустриясы Үкімет пен жергілікті биліктің белсенді қолдауымен дамып жатыр. «Өндіріс» индустриялық аймағы іске қосылып, инвесторларға дайын өндірістік алаңдар ұсынылды, бұл жаңа кәсіпорындардың бір жерде шоғырлануына мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Үкімет кәсіпорындарға қаржылай көмек көрсетіп, өндірістік инфрақұрылымды қамтамасыз ету, білікті кадрларды даярлау және аймақтық ынтымақтастықты күшейту бағытында нақты қадамдар жасап отыр.

Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік қолдау мен инфрақұрылымдық дайындық жаңа жобалардың тез іске қосылуына және Семейдің инвестициялық тартымдылығының артуына тікелей әсер етеді.  Бұл тек жаңа кәсіпорындарды қолдаумен шектелмей, қаланың индустриялық дамуын тұрақтандыратын ұзақ мерзімді стратегияны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіп саласындағы нақты нәтижелер

Соңғы бес жылда Семей қаласының өнеркәсіптік қуаты айтарлықтай артты. Өңдеу өнеркәсібі экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде қалыптасып, өндіріс көлемі өткен кезеңмен салыстырғанда екі есе жуық өсті. Қаладағы тамақ өндірісі белсенді дамып, күнбағыс майы, ет өнімдері мен жартылай фабрикаттар тұрақты түрде нарық сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Химия саласында полимер негізіндегі бояулар мен лактар өндірісі өсті, ал құрылыс материалдары өндірісінде цемент, бетон және әртүрлі ерітінділер өндіріліп жатыр. Жиһаз өндірісі де қарқынды дамуда, әсіресе ас үй мен кеңсе жиһаздарының өндірісі едәуір көбейген.

2024 жылы Семейде бірнеше ірі өндірістік жоба іске қосылып, 180-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жобалардың ішінде қалдықтарды қайта өңдеуге арналған кешен мен оқшауланған құбыр шығаратын зауыт бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылғандай: «Өндіріс орындарының тұрақты дамуы үшін инвестиция саясатына жаңа көзқарас қажет». Семейде осы бағытта нақты қадамдар жүзеге асуда. Жаңа жобалар өндіріс көлемін ұлғайтуға ғана емес, қаланың инновациялық және инвестициялық тартымдылығын арттыруға да үлес қосып отыр.

Алдағы жылдарға жоспарланған инвестициялар көлемі 40 млрд теңгеден асады. Жоспарда өсімдік майын өндіретін зауыт, картон қаптама өндірісі, ағаш өңдеу кәсіпорындары бар. Жобалар Семейдің экономикалық өсімін арттыра түседі.

Инновациялар және технологиялық жаңғыру

Қазіргі заманғы өндіріс тек өнім көлемімен емес, технологиялық деңгейімен де бағаланады. Жолдауда Мемлекет басшысы жоғары технологиялық салаларды дамытудың өзектілігін айтты: «Экономикамыздың жоғары технологиялық салаларына бір миллиард долларға дейін инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеу қажет».

Семей кәсіпорындары да бұл үрдістен қапы қалған жоқ. Соңғы жылдары бірқатар зауыттар автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізіп, энергия үнемдейтін жабдықтарды орнатты. Осы қадамдар арқылы өнімнің сапасы артып, алдағы уақытта халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.

Семей қаласының өнеркәсіптік дамуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айқындалған басымдықтармен үйлесіп отыр. Үкіметтің индустрияландыру саясаты, инвестиция тарту шаралары және жергілікті биліктің қолдауы нәтижесінде қалада өндіріс көлемі артып, жаңа жобалар іске асуда. Болашақтағы жоспарланған жобалар Семейдің өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, қаланы елдің маңызды индустриялық орталықтарының біріне айналдыруға жол ашады.