$ 544.26  634.72  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 14:49
Қоғам

«Бастапқыда 10 шақырым жылдамдықпен жүреді»: LRT тест режимде қозғала бастады (ВИДЕО)

Тест режим бүгін басталды

Бүгін, 29 қыркүйектен бастап Астанада LRT сынақ режимінде қозғала бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

LRT пойыздарында машинст жоқ.  Сынақ барысында рельстер, станциялар, байланыс желілері, жылжымалы құрам, қауіпсіздік пен басқару жүйелері кешенді түрде тексерілмек. Сондай-ақ қызметкерлерді даярлау, төтенше жағдайдағы іс-қимыл және LRT-ны басқа көлік түрлерімен ықпалдастыруға баса назар аударылады.

Жүйе GoA4 автоматтандырылған басқару кешенімен жабдықталған. Ол пойыз қозғалысын, тоқтауды, есіктерді ашу-жабуды, деподан шығу мен кіруді толықтай оператордың қатысуынсыз жүзеге асырады. Мұндай технология бүгінгі таңда Сингапур, Дубай және Қытайда қолданыста бар.

«GoA4 – рельсті көлікті автоматтандырудың ең жоғары деңгейі. Бұл жүйе тиімділік пен қауіпсіздікті арттырып, LRT-ны бәсекеге қабілетті етеді. Енді осындай заманауи стандарт Астанада да іске қосылады», – деді «City Transportation Systems» ЖШС Басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.

Жабдық пен инфрақұрылымды сынақтан өткізу кемінде алты айға созылады. Алғашқы кезеңде пойыздар №112–113 станциялары арасында 10 км/сағ жылдамдықпен жүреді, кейін жылдамдық пен аймақтар кезең-кезеңімен артады.

«Біз 7 айлық оқудан өттік. Астанада теориялық дайындық алып, Қытайда тәжірибемізді жетілдірдік. Енді тест жұмыстарына белсенді қатысып жатырмыз. Бұл білім болашақта жолаушылардың қауіпсіздігі үшін аса қажет», – деді LRT пойыздарының операторы Айдар Надырбеков.

Қауіпсіздік мақсатында эстакадаға және жол желісіне кіруге қатаң тыйым салынған, себебі байланыс желісінде 750 вольт жоғары кернеу бар. 

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Астана #LRT