Апробация: Қазақстандағы оқулықтардың мықты және әлсіз тұстары анықталады

Автор: Бақыт Шынар

Қазір ілкі жобаға 34 мектеп қатысып жатыр

Фото: istockphoto.com

Қазақстан мектептерінде жаңа оқулықтардың апробациясы басталды. 29 қыркүйектен бастап бұл жұмысқа еліміздің 34 пилоттық мектебі қатысып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Апробацияны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізеді.

Жаңа оқулықтар 2026–2027 оқу жылына арналып әзірленген. Тексеріс 4-сыныпта – қазақ тілі, орыс тілі (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), математика, дүниетану, әдебиеттік оқу, ал 7–10 сыныптарда – дүниежүзі тарихы, алгебра, қазақ тілі, химия, биология, физика, география, құқық негіздері, шетел тілдері (ағылшын, неміс, француз) пәндері бойынша өтеді.

Орталық директоры Назира Абдрахманованың айтуынша, апробация оқулықтардың мықты және әлсіз тұстарын анықтап, мектептер үшін ең сапалы әрі тиімді оқу материалдарын іріктеуге бағытталған. Бұл кезеңде тек педагогтер ғана емес, оқушылар да қатысып, оқулықтардың тиімділігіне баға береді.

Оқулықтарды енгізу алдында олар бес сатылы сараптамадан өтеді: ғылыми-педагогикалық сараптама, пысықтау, апробация, қоғамдық талқылау және пәндік сараптама комиссиясының қорытындысы.