«AMANAT» партиясының бастамасымен «Қалбатау–Майқапшағай» тас жолы жөнделді

Автор: Бақыт Шынар

Бұл жол талай тұрғын үшін ондаған жылдар бойы арман болған

Фото: партияның баспасөз қызметі

Қазақстанда ондаған жыл бойы шешімін таппай келген маңызды инфрақұрылымдық жоба – «Қалбатау–Майқапшағай» тас жолын жөндеу жұмысы аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары ұзақ жылдан бері шешімін таппаған «Қалбатау–Майқапшағай» тас жолы мәселесін шешу үшін Үкіметке бірнеше рет тапсырма берген болатын. Тозығы жеткен күре жолдың жөнделіп, қайтадан қолданысқа берілуін тұрғындар жылдар бойы күтіп жүрді.

Бүгінде «AMANAT» партиясының атсалысуымен халықаралық маңызға ие «Қалбатау–Майқапшағай» тас жолына асфальт төселді. Бұл маңызды инфрақұрылымдық жоба «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «China Xinxing Group» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. Жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын автожолдың 184 шақырымы облыс аумағынан өтеді.

Автожолды толық аяқтау 2022 жылға жоспарланған болатын. Алайда пандемия мен құрылыс материалдарының қымбаттауы жұмыстың қарқынын тежеді. Бұған қоса 2021 жылы мердігер ұйымның салғырттығы салдарынан өз мерзімінде аяқталмады. Осыған қарамастан, партия депутаттарының тұрақты бақылауы негізінде жобаны аяқтау күн тәртібінен түспей, нәтижесінде биыл жоба жүзеге асырылды.

Депутат Ерлан Саировтың айтуынша, «Қалбатау–Майқапшағай» автожолының абаттандыру жұмысы ғана қалған. Бұл жоба Семей, Өскемен, Зайсан және Майқапшағай қалалары арасындағы көлік қатынасын айтарлықтай жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын арттырады.

«Бүгінде жолдың екі жағында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба толығымен аяқталғаннан кейін, аталған аймақтар арасындағы көлік қатынасы қауіпсіз әрі ыңғайлы болады. Бұл – халықтың жеңісі! Сондықтан халықты осы қуанышты жаңалықпен шын жүректен құттықтаймын», – деді депутат.

Бұл жол тек өңірдің көлік логистикасын жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға тікелей ықпал етеді. Депутат Ерлан Саировтың айтуынша, елімізде жол апаттары жыл сайын артып келеді: 2025 жылдың бірінші жартысында 15 698 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 22 346 адам зардап шеккен, 1 466 адам қаза тапқан. Бұл қайғылы жағдайлардың көпшілігі республикалық маңызы бар трассаларда орын алған. Сондықтан жаңа жолдың іске қосылуы апат санын азайтып, қауіпсіздікті арттыруға жол ашады.

Аталған автожол қолданысқа берілген соң, ол өңірдің экономикалық дамуына да елеулі серпін береді. Біріншіден, сапалы жол көлік қозғалысын жеделдетіп, жүк тасымалдау шығындарын азайтады. Екіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңірлік және шекаралық нарықтарға жеткізу әлдеқайда жеңілдейді. Үшіншіден, аймаққа жаңа инвестициялар тартуға, өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік туады.

Жобаның әлеуметтік маңызы да зор. Сапалы жол ауылдар арасындағы логистикалық байланысты нығайтып, білім, медицина және басқа да әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті жеңілдетеді. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын тікелей арттыратын нақты қадам.

Сонымен қатар «Қалбатау–Майқапшағай» автожолы халықаралық маңызға ие транзиттік дәліздің бір бөлігі ретінде еліміздің көлік-логистика саласындағы әлеуетін арттырады. Ол Қазақстанның Қытаймен шекарадағы ірі өткізу бекеттерінің біріне тікелей апаратын жол болғандықтан, сыртқы сауда көлемін ұлғайтуға, экспорт пен импорт айналымын жеңілдетуге сеп болады.