Азаматтар платформаны тегін пайдаланады
Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан жасанды интеллект қолданылатын жобалардың көрмесінде тұрғын үйді сатып алуға арналған цифрлық платформа – Baspana hub өнімі таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Baspana hub жаңа пәтер іздеген азаматтарға жан-жақты қызмет ұсынады. Қазақстандықтар платформадан пәтерді онлайн таңдап, оны жөндеуге қандай және қанша көлемде құрылыс материалдары жұмсалатынын онлайн есептеп, құрылыс дүкендерінен тапсырыс бере алады. Baspana hub платформасында тіркелген құрылыс дүкендерінен материалдарды жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Жоба жетекшісінің айтуынша, платформаның басты мақсаты – азаматтарға тұрғын үй сатып алу барысында қауіпсіз орта құру.
«Біз пайдалануға берілмеген тұрғын үйлерде үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты бар ма, жоқ па оны міндетті түрде тексереміз. Бұл мәліметті мемлекеттік деректер базасынан аламыз», – деді ол.
Жасанды интеллект негізінде платформа сатып алғалы тұрған пәтердің өтімділігі бойынша есеп береді.
«Яғни қазір нарықта ол үйдің бағасы қанша және бір жылдан кейін немесе бес жылдан соң қанша тұратынын көрсетеміз», - дейді жоба жетекшісі.
Сонымен қатар, платформада ипотеканы онлайн рәсімдеп, сатып алу-сату шарттарын нотариуссыз блокчейн технологиясы арқылы тіркеуге болады.
Baspana hub платформасындағы қызметтердің бәрі тегін көрсетіледі. Әзірге мобильді қосымшада тек бастапқы нарықтағы, яғни жаңа тұрғын үйлер көрсетілген.
Айта кетері, Baspana hub – жекеменшік жоба.