Жасанды интеллект әлемдегі қандай қылмыс түрлері Қазақстанға кіруі мүмкін екенін ескертеді

Автор: Нұргүл Абай

ЖИ Қазақстанның құқық қорғау органдарына ұсыныс береді

Фото: pixabay

Парламент Мәжілісінде жасанды интеллектіні қолдану арқылы жүзеге асырылып жатқан жобалардың көрмесі өтті. Сондай өнімдердің бірі – Қазақстанды әртүрлі қылмыстардан сақтандыратын әлемдік медиа кеңістікке мониторинг жасау орталығы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Орталықтың негізгі қызметі – медиа кеңістікте жарияланған ақпараттар арқылы әлемде болып жатқан қылмыс түрлерін анықтау.

«Орталық әлемде болып жатқан қылмыс түрлерін анықтайды, Қазақстанға келу ықтималдығын болжайды. Егер жаңа қылмыс түрлерінің Қазақстанға келу ықтималдылығы жоғары болса, жасанды интеллект ұсыныс береді. Соның негізінде біз мемлекеттің органдарға ұсыныс жолдаймыз, қандай заңнамаға өзгерістер енгізу керек екенін айтамыз», - дейді ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің аға прокуроры Мәди Тугубаев.

Мысалы, жақында Ұлыбританияда жаңа қылмыс түрі – SMS-бластерлер пайда болған.

«Оның Қазақстанға келу ықтималдылығы жоғары. Сондықтан біз мемлекеттік органдарға арнайы хаттар жолдадық, қазір Қаржылық мониторинг агенттігі мен Шекара қызметі бірігіп осы құрылғының Қазақстанға кіруін болдырмау үшін шекарада шаралар қабылдап жатыр. Бұл құрылғы ұялы байланыс сигналын имитациялап, азаматтарға жалған SMS-хабарламалар жіберу арқылы фишингтік шабуыл жасайды, сол арқылы жеке деректерді ұрлауы мүмкін», - дейді прокурор.

Қазіргі кезде жүйе толығымен жұмыс істеп тұр, серверлері Қазақстанда орналасқан. Орталық әрбір минут сайын деректерді автоматты түрде жаңартып, қылмысқа қатысты ақпаратты іріктеп береді.