Дархан, «Мамасита» мен Жанабыловтар: депутат блогерлер қалай миллиардтап пайда тауып жүргенін айтты

Автор: Бақыт Шынар

Бейсембаевтың айтуынша, оларға айыппұл салатын табыстың шегін азайту керек

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, ұтыс ойындарын өткізіп жүрген біраз блогердің былығын ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол сөз басында лудоманияға қарсы қабылданған заңның нәтижелерін баяндап берді.

«Қазақ «Адамды алдау – арыңның алдында қылмыс» дейді. Бірақ бүгінде ақшаға келгенде арды аттап кететіндер, байлыққа бұқараны алдап жететіндер аз емес. Ойыннан ойын шығарып, оны желіге жүктеп халықты тақырға отырғызуды табыстың көзі қылғандарды ауыздықтау үшін «Ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері туралы» Заң жобасы жазылғанын білесіздер. Мәжілістің депутаттары бастамашы болдық. Соның нәтижесінде, 2024 жылы заңсыз лотерея ұйымдастырған 101 адамға 41 млн теңге айыппұл салынды. Оңай ақшаға құныққандардың көзін ақшаның шелі басқаны сонша, өзгелердің от басқанын көрсе де заңсыз лоторея ұйымдастыруды қояр емес. 2025 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін тағы 79 адам әкімшілік ауапкершілікке тартылып, оларға 33,1 млн теңге айыппұл салынды», - дейді ол.

Бірақ, депутаттың айтуынша, кейбір блогер мен «кәсіпкерлер» заңды айналып өтіп жүр.

«Адамды алдауды меңгергендердің заңды айналып өтуге тырысқан әрекеттеріне тоқталсам. Біріншіден, кейбір әлеуметтік желінің мүмкіндігін белсенді пайдаланатын инфлюенсер-алаяқтар уақытша компаниялар құрып, пайдасыз видеокурстар дайындап, соны сату деген сылтаумен заңсыз лотерея ұйымдастырып жатыр. Қарапайым азаматтарды бұл заңсыз іс-әрекеттерге көптеп тарту үшін сыйлық ретінде пәтер, автокөлік, электроника мен смартфондар, тіпті зәулім коттедждер тігуде. Мысалы, оқырмандар саны 3 миллионды құрайтын Дархан Жолшыбеков «darhanzholshybekov» аккуанты арқылы 300 миллион теңге тұратын зәулім үйіне заңсыз ұтыс ұйымдастырып, шамамен 1,5 млрд теңге қаржы жинаған», - дейді ол.

Екінші кейсі – әйелдер қауымы «сүйіп» оқитын Әлия Байтуғаеваға қатысты болды.

«Ал оқырмандары саны 6,9 миллионды құрайтын «supermamasitа» аккаунты арқылы Байтуғаева Әлия бірнеше рет бағалы сыйлықтарды ойнатып, деректер бойынша 500 миллион теңге қаражат жинаған. Жалпы оқырмандары 13 миллионды құрайтын «Justking31» және «AminaXO» Instagram аккаунттарының иелері Нұртаза Нурбек және Амина зәулім үйлерін заңсыз лотерея ұйымдастыру арқылы сатып, 1,5 млрд теңге сомасында қаржы жинаған», - дейді ол.  

Осылай деген ол «әлеуметтік желі қолданушыларын заңсыз лотереялық сызбаларға алдап тартқан кейбір «жалған блогерлерге» қатысты қоғам тарапынан айтылған ашық сынды қолдаймыз» дейді. Елнұр Бейсенбаев сондай-ақ қазір істері әкімшілік істен қылмыстық іске ауысқан Жанабыловтар туралы да айтты.

«Астанада Ерболат Жанабыловқа қатысты сот процесі жүріп жатыр. Ол 10 автокөлік пен басқа да сыйлықтар ойнатқан. Ұтыс ойынына қатысқысы келетіндер блогерлердің «30 мың теңгелік курсын сатып алуы керек еді. Алдын ала мәлімет бойынша, 6 мыңнан астам билет сатылып, жалпы сомасы 180 млн теңгеге жеткен», - дейді ол.

Осы ретте депутат, уәкілетті органдардың заңсыз лотереялардан түскен табысты есептеуге құзыреті жоқ болғандықтан, бұл қаражатты тәркілеу мүмкін болмай отырғанын баса айтты.

Осыған байланысты, Сіздерден келесі ұсыныстарды қарастыруды сұраймын:

  • Мұндай сызбаларды ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс қозғау үшін ҚК-нің 214-бабында көзделген табыс шегін төмендетіп, шараларды қатаңдату.
  • Заңсыз лотереяларды ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылған алаяқтардың қанша қаражат иемденгені және азаматтарды қалай алдағаны туралы толық ақпаратты бірыңғай желіде жинап, жариялап отыру.
  • Білім беру орталықтары мен онлайн-мектептердің қызметін барынша ашық ету тетіктерін әзірлеу, тұтынушыларға олардың беделін, оқытушылардың біліктілігін және заңдылық тұрғыдан тазалығын оңай тексеруге мүмкіндік жасау.
  • Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің органдарын, Туризм және спорт министрлігі сұратқан жағдайда, блогерлердің әкімшілік құқық бұзушылық жасаудан түскен табысы туралы ақпаратты беруге міндеттеу.