Отандық оқу орындарында су мамандарын даярлайтын факультеттердің саны 13-ке көбейді
«AMANAT» партиясы жанындағы экология мәселелері және табиғат пайдалану кеңесінің отырысы өтті. Оған Мәжіліс депутаттары, экология және табиғи ресурстар, су ресурстары және ирригация, ұлттық экономика, қаржы, ғылым және жоғары білім, цифрлық даму министрліктерінің өкілдері, өңір әкімдіктерінің мамандары және партия жанындағы өңірлік экологиялық кеңестердің төрағалары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Комитет хатшысы, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бауыржан Смағұлов отырысты ашып, күн тәртібін таныстырды.
«Бүгін біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттердің орындалу барысын талқылаймыз. Президент экологияға жеке тоқталып, жасанды интеллектті, өнеркәсіп пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, жасыл энергетиканы дамыту, суды ұтымды пайдалану, экологиялық ағарту және жастарды осы үдерістерге кеңінен тарту міндетін қойды», - деді ол.
Сондай-ақ, отырыс барысында қоршаған ортаны бақылау жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов Каспий теңізінің деңгейін сақтау және өңірлік экожүйені қорғау бойынша халықаралық ынтымақтастыққа тоқталды.
«17 қыркүйекте Ашхабадта Тегеран конвенциясының уақытша хатшылығы 2025–2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын ұсынды. Бұл құжат Каспий теңізінің деңгейінің төмендеуін тоқтату бойынша мемлекетаралық бағдарламаға негіз болады. Енді Каспий маңы елдерінің сарапшыларымен бірлескен жұмыс тобын құруымыз керек», - деді ол.
Спикер экологиялық білім беруді стандарттау, мектепке дейінгі ұйымдардан бастап экологиялық көзқарас қалыптастыру, жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеу және қоғамдық экобақтар құру жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.
Су ресурстарын реттеу және пайдалану комитетінің өкілі Сәуле Қатаева саланы жаңғырту және су тапшылығын азайту бойынша кешенді жоспарларды таныстырды.
«2050 жылға дейінгі су шаруашылығының даму тұжырымдамасы әзірленді. Жаңа Су кодексі қабылданып, су арналарының реконструкциясы басталды. 2024 жылдан бері фермерлерге су үнемдеу технологияларын енгізу шығындарының 80%-ы субсидияланады. Су 50%-дан 35%-ға дейін үнемделетін болады», - деді ол.
Сондай-ақ, ол 2026 жылға дейін тағы 200 маман шетелде оқытылатынын, ал отандық оқу орындарында су мамандарын даярлайтын факультеттердің саны 13-ке дейін көбейгенін жеткізді.
Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров жастардың экологиялық мәдениетін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
«Таза Қазақстан экологиялық акциясы қоғамдық сананы, мәдениет пен құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған ірі идеологиялық платформаға айналды. Былтыр республика бойынша 6,5 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізіліп, 1 миллионнан астам жас тартылды. Жасыл Ел жасақтарына 35 мыңнан астам жас қосылды», - деді ол.
Оның айтуынша, бизнес-қоғамдастық, этномәдени бірлестіктер мен еріктілер қозғалысы да бастаманы қолдап, жүздеген экологиялық жобаларды жүзеге асыруға атсалысуда.
Комитет мүшелері ұсынылған шараларды қолдап, экологиялық білім беру, су ресурстарын басқару және цифрландыру саласындағы реформаларды жүйелі түрде іске асырудың маңыздылығын атап өтті.