Атырау әкімдігі аутизмге шалдыққан қыз үшін өтемақы сұраған анаға көмектеспеген: сот шешім шығарды

Автор: Нұргүл Абай

Заң бойынша мемлекет үйде оқыған баланың шығынын өтеп беруге тиіс

Фото: istockphoto.com

Атырауда аутизм диагнозы қойылған 8 жасар қызына үйде оқығаны үшін мемлекеттен өтемақы талап еткен көпбалалы ана сотта жеңіп шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төрт баланың анасы Атырау облыстық сотына жүгінген. Белгілі болғандай, 2024 жылы оның 8 жасар қызына «аутизм» диагнозы қойылып, бала үйде оқитын болған. Ал заң бойынша мұндай жағдайда мемлекет оқуға кеткен шығынды өтеп беруге тиіс. Бірақ уәкілетті орган өтемақыны тек өтініш берген күннен бастап төлейміз деп, 2024 жылдың соңғы 4 айына ақша төлеуден бас тартқан. Яғни тек 2025 жылдың 5 айы үшін ғана өтемек болған. Көпбалалы анаға қала әкімі де көмектеспеген.

Әйел мемлекеттен өтемақы төленетінін бұрын білмегенін, сол себепті құжатты кеш тапсырғанын айтқан. Уәкілетті орган да көпбалалы анаға мемлекеттік қолдау шарасы бар екенін хабарламаған.

«Сот баланың 2024-2025 оқу жылы үйде оқытылғанын анықтады. Әділдік пен парасаттылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, сот талап қоюды қанағаттандырып, уәкілетті органды баланың 2024 жылдың төрт айы ішінде үйде оқытуға кеткен шығындарын өтеу арқылы заңбұзушылықты жоюға міндеттеді», - делінген хабарламада.

Осылайша Атырау облыстық соты мемлекеттік органның әрекетін заңсыз деп таныды. Шешім заңды күшіне енген.