ҰБТ халықаралық тестке айналады: Қазақстанның оқушыларын не күтіп тұр

Автор: Нұргүл Абай

TOEFL сияқты танымал тесті әзірлейтін америкалық мамандар ҰБТ сұрақтарын дайындауға көмектеседі

Фото: pixabay

Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны мен әдістемесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, ҰБТ-ны халықаралық тестке айналдыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл мәселе Нью-Йоркте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Educational Testing Service (ETS) компаниясының басшылығымен өткен кездесуде талқыланған. Кездесу қорытындысы бойынша сұхбат берген ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, ETS мамандары Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны мен әдістемесін қайта қарастырып, сапалы сұрақтар әзірлеуге атсалысады.

«Сексен жылдық тарихы бар, ең ірі тест жасайтын және тестологияны зерттейтін ғылыми орталық – атақты ETS, яғни Educational Testing Service компаниясымен кездесу өтті. Қазіргі таңда біздің ұлттық бірыңғай тестілеудің сапасын күрт өзгерту, мазмұнын толыққанды қарастыру жұмысы осы ең ірі ғылыми орталықпен бірлесіп атқарылады. Келесі айда үлкен зерттеушілер делегациясы Қазақстанға келеді. Осы жұмысты біз жүйелі түрде атқаратын боламыз», - деді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, арнайы жұмыс тобы құрылады.

«ETS мамандарының қатысуымен және олардың жетекшілігімен ҰБТ-ның әдістемесі мен мазмұны тереңінен қайта қаралады. Әлемдік деңгейдегі ең үздік мамандар ҰБТ-ны әдістемесі ең озық және сұрақтары өте сапалы халықаралық тестке айналдыру үшін көп кезеңді жұмысқа тартылады», - деп түсіндірді шенеунік.

Айта кетері, Нью-Йоркте жұмыс сапарымен жүрген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Educational Testing Service (ETS) компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Амит Севакты қабылдады. Әңгімелесу барысында мемлекет басшысы ETS компаниясының білімді тестілеу мен бағалау саласында көш бастап келе жатқанына ерекше назар аударды.  Президенттің айтуынша, Қазақстан білім беру жүйесінде компанияның тәжірибесін зерделеу мен пайдалануға қызығушылық танытады.

Ұйым жылына әлемнің 180 еліне 50 миллионнан аса тест әзірлейді әрі әкімшілендіреді, сондай-ақ ұлттық білім беру жүйесіне арналған бейіндік шешімдерді ұсынады.