Киберқауіпсіздік пен этикаға қатысты сұрақ көп дейді депутат
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов медицина саласында жасанды интеллектіні қолдануға дайындық әлсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжілісте «Әлеуметтік салада жасанды интеллектті қолдану» тақырыбына арналған дөңгелек үстелде депутат медицина саласындағы жасанды интеллектіге қатысты сұрақ көп екенін айтты.
«Алдымен әдістемелік және тұжырымдамалық мәселелерді шешу қажет, әсіресе медицина саласында. Бүгінгі күні бұйрықтар мен нормативтік құқықтық актілер жеткіліксіз. Реттеу әлсіз. Әріптестеріміз де ақпараттық жүйелер мен интернетті дәл қазір дайын деп айтуға болмайды деп отыр. Деректерді талдау мен жүйелерді оқытуға арналған унификацияланған база да аз», - дейді Аймағамбетов.
Айтуынша, дәрігерлердің дағдылары да жеткіліксіз.
«Қазір пациенттердің көбі ChatGPT қолданатынын білеміз, олар оған өз деректерін жүктейді де, тікелей жауап алады. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі бұған қаншалықты дайын және дәрігерлермен хаттамалар бойынша қалай жұмыс істейді? Себебі бұл – маңызды сұрақ. Емдеу хаттамаларының өзі де көптеген сұрақ туындатады. Ақпараттық жүйелердің жұмысы қалай реттеледі? Ақпаратқа қандай талаптар қойылады? Өйткені бұл жеке деректер ғой: анализ нәтижелері, рентген суреттері, МРТ. Оларды әртүрлі жүйелерге жүктеген кезде этикалық мәселелер, киберқауіпсіздік пен деректерді қорғау мәселелері туындайды. Чат-боттардың жұмысы әзірге жеткілікті деңгейде реттелмеген», - деп сынады мәжілісмен.
Аймағамбетов медицина саласында әзірге жауаптан гөрі сұрақ көп дейді.