Архив мамандарына қосымша ақы төленеді – заң жобасы мақұлданды

Автор: Нұргүл Абай

Ауылдағы лауазымдар тізімін жергілікті әкімдік анықтайды

Фото: Azattyq Ruhy

Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев заң жобасында архив саласында жылдар бойы қордаланған түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар негізгі норма бар екенін мәлімдеді.

«Ең алдымен, электрондық архивтермен жұмыс істеу бойынша құқықтық база кеңейтіледі. Бұл – цифрландыру жағдайындағы қисынды қадам деп білемін. Бұл ретте, біз мынаны түсінуіміз керек: қағаз кетеді, цифрлық форматтар стандартқа айналады. «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі пайдалануға енгізіледі.  Бүгінгі күнге дейін бізде мемлекеттік құжаттарды сақтаудың бірыңғай цифрлық жүйесі болған жоқ. Архивтер аймақтар бойынша шашыраңқы, ақпаратқа қолжетімділік шектеулі болды. Сондықтан бұл бастама осы мәселені шешеді», - деді Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутат «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің жалақысын арттыру басым міндеттердің бірі болып белгіленгенін еске салды.

«Осыған байланысты, заң жобасында жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейтуге бағытталған нормалар көзделген. Енді олар ауылдық жерлердегі архив саласы мамандары лауазымдарының тізімін анықтай алады. Сол бойынша жалақыға қосымша 25 пайыз ақы төленеді», - дейді ол.

Сонымен қатар, сызбалар, тәжірибелік-конструкторлық және қала құрылысы сияқты құжаттар да архивке тапсырылады. Архивтерде қамтылған дербес деректерді қорғау жөніндегі норма енгізіледі.

«Сондай-ақ депутаттар республикалық мемлекеттік архивтерге «ұлттық» мәртебе беру жөніндегі маңызды түзетулерге бастамашылық етті. Аталған норма архивтердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, олардың абыройы мен тарихи-мәдени мұраны сақтау жүйесіндегі маңыздылығын арттырады. Жалпы, архивтер ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалғаны белгілі. Бұл ретте, әлемдік тәжірибелерден оқшау қалмай бір трендте жүру қажеттігін түсінген жөн. Мысалы, Эстонияда бүкіл архив жүйесі толығымен цифрланған. Әрбір құжат онлайн режимде қолжетімді.  Оңтүстік Кореяда архивтер мәртебесі бойынша тиісті қаржыландыруымен ғылыми мекемелерге теңестірілген.Қазақстанда да осындай қадам жасалып отыр. Біз артта қалмай, қазіргі заманғы стандарттарға сай әрекет етеміз. Бұл орайда сонымен бірге осы заң жобасының аясында жылдар бойы қордаланған өз мәселелерімізді де шешіп аламыз», - дейді Бейсенбаев.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.