Компаниялар тарағаннан кейін жұмысшылардың барлық құжаты жоғалады дейді ол
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы мемлекеттік архивтерді уақытында және дұрыс толықтыру бағытында жүйелі проблемалар бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мәселен, заңды тұлғалар таратылған жағдайда Ұлттық архив қорының құжаттары мен жеке құрамға қатысты істер уәкілетті органмен келісім бойынша тиісті мемлекеттік немесе арнаулы мемлекеттік архивке өткізілуі тиіс. Сонымен қатар, Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес жұмыс беруші қызметкерлердің еңбек қызметін растайтын құжаттарды, сондай-ақ олардың зейнетақымен қамсыздандыруына және міндетті әлеуметтік сақтандыруына қатысты ұсталған және аударылған қаражат жөніндегі мәліметтерді сақтауға және мемлекеттік архивке өткізуге міндетті. Алайда заңда жоғарыда көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін қандай да бір жауапкершілік қарастырылмаған», - дейді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Айтуынша, осының салдарынан іс жүзінде түрлі ЖШС мен өзге компаниялар таратылады да, барлық құжаттары жоғалады. Ал ертең қарапайым азаматқа зейнетақы алу үшін еңбек өтілін растау қажет болғанда, ол қажетті құжатын ала алмай қалады.
«Бұл – миллиондаған адамның мүддесін қорғауға қатысты мәселе. Мұндай жағдайдың салдары қазірдің өзінде байқалып жатыр. 2024 жылы тек жеке құрам бойынша мемлекеттік архивтерге өткізілген құжаттардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 59%-ға азайды. Бұл үрдіс жылдар бойы жалғасып келеді. Әр құжаттың артында нақты бір адамның тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек. Енді осы мәселе 90-шы жылдары еңбек жолын бастаған азаматтар алдағы уақытта жаппай зейнетке шыға бастағанда ушығуы мүмкін. Осыдан келіп мынадай заңды сұрақ туындайды: осы заң жобасы арқылы министрлік құжаттардың архивке тапсырылмау проблемасын қалай шешіп отыр? Құжаттарды архивке тапсырмағаны немесе уақытылы тапсырмағаны үшін заңнамалық деңгейде жауапкершілік енгізу жоспарда бар ма?», - деп сұрады Болатбек Нажметдинұлы.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов жұмыс берушілер қызметкерлерінің құжаттарын 75 жыл сақтауға міндетті екенін еске салды. Ал егер сақтамаса тиісті жауапкершілік көзделген.
«Басқа ұсыныстарды екінші оқылымға дейін өздеріңізбен пысықтап енгізуге дайынбыз», - деп қысқа қайырды шенеунік.
Бүгін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.