Дәрігерлерге арналған әлеуметтік көмек: Мағжан Жұмабаев ауданында медицина қалай дамып жатыр

Автор: Нұргүл Абай

Ауданда кадр тапшылығын шешу үшін жастармен де жүйелі жұмыс жүргізіледі

Фото: freepik.com

Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында тұрғындарға медициналық қызмет көрсету жүйесі дамып, заманауи талаптарға сай жетілдіріліп келеді. Соңғы жылдары ауданның медицина саласы құрылымдық тұрғыдан нығайып қана қоймай, цифрлық технологиялар, әлеуметтік қолдау шаралары мен жаңа нысандар есебінен халыққа көрсетілетін қызмет сапасы айтарлықтай артты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгінде аудан халқына 80 төсек-орындық аудандық аурухана мен тәулігіне 250 адам қабылдайтын емхана қызмет көрсетеді. Бұған қоса, шалғай ауылдардағы халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін 4 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 44 медициналық пункт жұмыс істейді.

Аудандық денсаулық сақтау мекемелері халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру үшін кешенді шаралар қабылдап жатыр. Кадрлардың біліктілігін арттыру үшін дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері тұрақты курстарға қатысады, семинарлар мен тағылымдамалардан өтеді. Материалдық-техникалық базаны жаңарту есебінен заманауи диагностикалық жабдықтар қолданысқа енгізіліп, емдеу сапасы жақсара түсуде. Денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша электрондық медициналық карталар, онлайн жазылу жүйесі, телемедицина енгізілді. Ауданға жұмысқа келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі: қызметтік баспана, көтерме қаражат, балабақшадан орын сияқты ынталандыру мамандарды ауылда тұрақтандыруға ықпал етеді.

Медицина нысандарын жаңғырту, қолжетімді орта құру, аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр.  Аудандық ауруханадағы колл-орталықтың ашылуы тіркеу бөліміндегі кезекті азайтты. Сонымен қатар, eGov порталы мен DamuMed мобильді қосымшасы арқылы дәрігерге жазылу жүйесі енгізіліп, тұрғындар үшін ыңғайлы жағдай жасалды. Бұл шешім шалғайдағы елді мекендер үшін де тиімділігін көрсетіп отыр.

Мағжан Жұмабаев ауданында шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық көмек қолжетімді болуы үшін бірқатар тетік іске қосылған. Амбулаториялар мен ФАП желісі ауылдық елді мекендерде алғашқы медициналық көмек көрсетуде. Жылжымалы медициналық бригадалар жүйелі түрде ауылдарға барып, тексеру, екпе жасау, кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Телемедицина аудан орталығына бармай-ақ білікті маман кеңесін алуға мүмкіндік береді. Медициналық көлікпен тасымалдау жүйесі жағдайы ауыр науқастарды аудандық ауруханаға жеткізуге мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары аудан аумағында 7 жаңа медициналық нысан ашылды. 2023 жылы Возвышенка мен Қарақоға ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілсе, 2024 жылы Советское және Чистовское ауылдарында 2 ФАП, сондай-ақ Бәйтерек, Тамановское және Чистовское ауылдарында 3 медициналық пункт іске қосылды. Бұл қадам ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін едәуір арттырды.

Ауданда кадр тапшылығын шешу үшін жастармен де жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мектептер мен колледждерде кәсіби бағдар беру кездесулері, медицина саласына қызығушылық тудыратын олимпиадалар мен конкурстар өткізіледі. Сонымен бірге, жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатылып, студенттер үшін тағылымдамалар ұйымдастырылады.

Аудан әкімдігі мен медициналық мекемелер тарапынан дәрігерлерге арналған әлеуметтік қолдау шаралары жолға қойылған. Олардың қатарында:

  • қызметтік тұрғын үй немесе жалға алу өтемақысы,
  • көтерме қаражат пен сыйақы төлеу,
  • балабақшаға басымдықпен орын беру,
  • біліктілікті арттыруға қаржы бөлу,
  • көлік пен тамақтану шығындары үшін өтемақы,
  • мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру бар.

Сонымен қатар аудан тұрғындарының денсаулығын сақтауда профилактикалық тексерістер жүйелі жүргізіледі. Жыл сайын жоспарлы тексерістер ұйымдастырылып, мобильді бригадалар ауылдарға шығады. Электрондық медициналық карталар арқылы тәуекел топтары анықталып, диспансерлік есеп жүргізіледі. Әсіресе, балаларға, қарттарға және созылмалы ауруы бар адамдарға ерекше көңіл бөлінеді.

Қорытындылай келе, Мағжан Жұмабаев ауданында инфрақұрылымның дамуы, цифрлық шешімдердің енгізілуі, жаңа нысандардың салынуы және кадрларды әлеуметтік қолдау – аудан тұрғындары үшін сапалы әрі қолжетімді медициналық көмектің кепіліне айналды.