Қазақстанға келіп жатқан шетелдік мектептердің бағасы қанша?

Автор: Аманалиева Тоғжан

Британиялық білімге қазақтар қанша ақша төлеп жүр?  

Фотоколлаж

Нұр-Сұлтан қаласындағы білім саласын зерттей келе, көзге анық байқалғаны – білім құнының алшақтығы. Қалада біржылдық оқу ақысы 30 мың доллар мектеп те бар, баласына киім алу үшін 30 мың теңге сертификатқа зар ата-ана да бар.

EXPO-ның орнына сингапурлықтар балабақша салмақшы

Бірнеше жылдан кейін астанада тағы бір шетелдік ақылы мектеп ашылатыны белгілі болды. Сингапурлық «Kinder World International Group» Қазақстанда, соның ішінде ең бірінші Нұр-Сұлтанда кешенді білім кампусын салады. Жоспарда Алматы мен Шымкент қалалары да бар.

Компанияның Сингапурде және Вьетнамның 15 қаласында халықаралық мектебі бар. Нұр-Сұлтанда алғашқы ақылы балабақшасын келесі жылы тамызда қолданысқа бермек. Кешен «Астана» халықаралық қаржы орталығының (бұрынғы EXPO кешенінің орны - авт) жанынан 9 гектар жердегі аумаққа салынады. Барлығы - бес балабақша, екі мектеп және бір колледж.

«Kinder World» дейтін, 600 орынға арналған халықаралық балабақшаға бару 10 мың доллар тұрады. Мекеме 6 айдан бастап 6 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Ал халықаралық мектебі – 1500-2000 балаға арналған. Мұнда оқу 20 мың доллар болады», - дейді «Kinder World International Group» төрағасы және компанияның бас орындаушы директоры Рики Тан.

Осылайша, сингапурлық инвесторлар алдағы бес жылда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына салатын 200 млн доллар инвестициясын 7 жылда ақтап аламыз деп отыр.

«Мектеп «Шығыс құндылықтары. Батыстық білім. Әлем азаматтары деген ұстанымда білім береді. Оқытушылық құрамның 50% шетелдіктер болады», - дейді Рики Тан. 

Британиялық білімге қазақтар қанша ақша төлеп жүр?

Қаладағы мемлекеттік мектептер демалып жатқанда, британдық «Haileybury» мектебі алғашқы қоңырауын 26-тамызда өткізді. Заманауи оқу орны Қазақстанның стандарт мектептерінен мүлдем басқа. Үлкен автотұрағы, амфитеатры, кофеханасы бар. Бастауыш сыныптарына кілем төселген, дәліздері де әдеттегі мектептерге қарағанда әлдеқайда тартымды. 

Алғашқы қоңырауында оқушылар да, ұстаздар да, ата-аналар да аяқтан тік тұрған жоқ, түгелдей отырды. 

«Креативтілік, білімге құмарлық, өз-өзіне есеп беру, азаматтық, азаттық». Мектеп директоры алғашқы қоңырауда балаларға үйрететін қағидаларын осы сөздерге сидырды.

Бұл мектеп алғаш 2008 жылы Алматыда, кейін, 2011 жылы астанада ашылды. Мұнда да балабақшасы, мектебі (балабақша (2-4 жас), тіпті халықаралық бакалавриаты (IBDP) бар. Қазір Нұр-Сұлтандағы «Haileybury» мектебінде 700-ге тарта оқушы оқиды.

Мектептегі оқу ақысы туралы толық мәліметті ашық дереккөздерден алуға болады. Мәселен, 2 жастағы бүлдіршіндер  тобының бағасы 2 млн 366 мың теңге, балабақшасы  (3-4 жас – авт) 4 млн 384 мың теңге тұрады.

Ал, 1-сыныптағы бағасы 6 млн 420 мың теңге болса, ол баға 13-сыныпқа дейін 9 млн 813 мың теңгеге бір-ақ шарықтайды екен. Бұдан бөлек, емтиханға кіру де ақылы. Ол үшін 37 мың теңге төлейсіз, кепілдік жарна 365 мың теңге.

«Оқыту жүйесі әрине негізінен британдық. Бірақ, Қазақстанда мектеп ашқандықтан бағдарламаға қазақ тілі мен Қазақстан тарихы пәндерін енгіздік. Мақсатымыз – оқушыларымыз болашақта әлемдік деңгейде ойлап, кез келген елде өз орнын табатын үлкен азаматқа айналса дейміз. Жалпы, мектепте 26 ұлттың балалары оқиды. Бірақ, көбі – қазақтар», - дейді «Haileybury» қамқоршылық кеңесінің төрағасы Иан Хант.

«Haileybury Astana-ның» оқытушылар құрамында елуге тарта адам жұмыс істейді. Ресми сайттарындағы ақпаратқа сүйенсек, олардың барлығы шетелдік азаматтар. Қамқоршылық кеңесте 11 азамат, оның арасында бір ғана қазақстандық Ерлан Оспанов оқшауланып тұр. Ол «Verny Capital Group-тің» бас директоры.

Түлектерінің бәрі билік тізгінінде жүр

Кеңес үкіметі кезеңінен келе жатса да, әлі күнге дейін үлкен сұранысқа ие білім орындарының бірі - Жәутіков атындағы физика-математикалық мектебі. 1972 жылы Алматыда ашылған бұл білім ордасынан өте белгілі саяси тұлғалар түлеп ұшқан. Мысалы, Кәрім Мәсімов, Ерболат Досаев, Бақыт Сұлтанов, Тимур Құлыбаев, Қайрат Келімбетов, Қайрат Қожамжаров, Ерлан Сағадиевтер.

Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы үш жылдан бері жұмыс істейді. Гранттан бөлек, төлеп оқимын деушілер үшін бағасы 1 млн 175 мың теңге. Бірақ, ақылы орынға да емтихан арқылы түседі.

Білім деңгейі қатаң бақыланады. Егер жыл соңында екі пәннен «үш» деген баға алса, гранттан айырылады.Үш рет «үш» деген баға алса, мектептен шығарылады. РФММ-ге математика, физика және ағылшын тілдерінен емтихан тапсырып, оқуға түсуге болады. Мемлекеттік грант ұтып, тегін оқитындар да баршылық. Мысалы Ажар Сайлаубекова.

- Мен қаладағы №66 орта мектепте оқып жүргенде, 7-сыныптан кейін анам осы мектепке құжаттарымды тапсырып, емтиханға жіберді. РФММ-ге оқуға түсемін деп ойлаған жоқпын, бірақ, емтиханын тапсырып көрейін дедім. Емтиханды жақсы жазып, 8-сыныптан бері осында оқимын. Мысалы, менің сыныбымдағы 24 баланың жиырма шақтысы грантта оқыды, - дейді Ажар.

Ажар Сайлаубекова

Астанада ақылы мектептер жиырма жылдан бері бар

«Мирас» халықаралық мектебі 1999 жылы ашылған. Мектеп «Нұрсұлтан Назарбаев білім беру» қоғамдық қорына тиесілі. Мектепте төрт жүзге жуық оқушы білім алады. Мұндағы бірінші сынып оқушысының біржылдық оқу ақысы 3 млн 400 мың теңге тұрады. Мектептің француз секциясындағы жылдық оқу құны 2 млн теңге.

Жеті-сегіз жылдан кейін елордада тағы бір «NurOrda» ақылы мектебі ашылды. Қазір онда 900-ге жуық бала білім алады. Мектеп «Білім Орда» атты халықаралық қорға тиесілі. Лицейінде тегін білім жоқ, бәрі ақылы. Оқушыларды тек 7-сыныптан бастап қабылдайды және жыл сайын  он балаға ғана грант береді.

Оқу ақысы 1 млн 900 мың теңгеден басталып, 2 млн 300 мың теңгеге жетеді.

P.S: «Haileybury», «Мирас» және «NurОrda» мектептерінде бірінші сыныпқа барған оқушылар алғашқы күннен бастап ағылшын тілінде білім алады. Республикалық физика-математикалық мектебінде биыл 1-сыныптың 3-еуі орыс, 2-еуі қазақ тілінде. Яғни, элиталық мектептерде білім алу үшін ең алдымен ағылшын тілін білу қажет. Сондай-ақ, орыс кластарының саны қазақтілдіге қарағанда әлдеқайда көп.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан