15 қыркүйектен бастап өтінім қабылдау уақытша тоқтайды
Қазақстандықтар тіс емдеу үшін зейнетақы жинағының артылған бөлігін 2026 жылғы сәуір айының ортасынан бастап пайдалана алады. Бұл туралы Отбасы банк мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отбасы банк 15 қыркүйектен бастап зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалану бойынша өтінімдер неге қабылданбайтынын түсіндіріп өтті.
«Бір жыл бұрын Отбасы банк уәкілетті оператор ретінде тіс емдеуге өтініш беру кезінде зейнетақы қорындағы қаражатты мақсатсыз пайдалану мен құжаттарды қолдан жасаудың көптеген деректерін жариялаған болатын. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды күшейту үшін емдеуге қолданатын біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер 2025 жылдың 27 сәуірінен бастап күшіне енді. Отбасы банк сол кезден бастап зейнетақы қаражатын тіс емдеуге пайдалану жағдайын талдап, мынадай қорытындыға келді: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану қағидаларына енгізілген өзгерістер бұл төлемдерді стоматологиялық қызметтерге мақсатсыз пайдалану схемасын тоқтатуға әсер еткен жоқ, тек құжаттарды қарау мен сараптау мерзіміне ғана ықпал етті», - дейді Отбасы банк.
Осыған байланысты Үкіметте Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қаржы министрлігі және Қаржы мониторингі агенттігінің қатысуымен бірнеше жиын өткен.
«Оның нәтижесінде 2025 жылғы 15 қыркүйектен 2026 жылғы 15 сәуірге дейін enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге өтініш қабылдау уақытша тоқтатылатын болды. Осы күнге дейін берілген өтініштер әдеттегі тәртіппен қаралады», - делінген хабарламада.
Көктемге дейін мүдделі мемлекеттік органдар тіс емдеуге зейнетақы жинағын пайдалану кезінде алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін тиімді жүйе әзірлемек.
Бұған дейін Отбасы банк 15 қыркүйектен бастап тіс емдеуге зейнетақы жинағын пайдалануға өтінім қабылдау тоқтатылатынын хабарлады. Оған қазақстандықтардың алаяқтық әрекеттері себеп болған.