Атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібі өзгереді: енді отбасының кірісімен қатар шығыны да есептеледі
2024 жылы атаулы әлеуметтік көмек шамамен 78,1 мың отбасыға берілген

Азаматтардың нақты кірістері мен шығыстары толық көлемде есепке алынбауына байланысты атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) тиімділігі төмендеген. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заңнамаға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қолданыстағы жүйеде АӘК тағайындау азаматтардың табысына негізделген. Алайда отбасының шығындары: ем қабылдау, тұрғын үй жалдау, оқу, көлік шығындары есепке алынбайды. Осының әсерінен көмек шын мәнінде мұқтаж жандарға жете бермейді», - делінген құжатта.
Министрлік қазіргі жүйенің бірнеше әлсіз тұсын атады:
- кірістер туралы деректердің ашық еместігі және толық болмауы;
- міндетті шығындардың ескерілмеуі;
- табысты жасыру немесе мүлікті басқа адамдарға рәсімдеу арқылы көмек алуға тырысатын жағдайлардың жиі кездесуі;
- мемлекеттік органдар арасында деректер алмасудың жеткіліксіздігі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша АӘК рәсімдеу кезінде 9 533 отбасының ісі қайта қаралған. Оның ішінде:
- 3131 отбасы қате мәлімет берген;
- 420 отбасы табысын жасырған;
- 5982 отбасы материалдық жағдайын тексеруден бас тартқан.
Көбіне учаскелік комиссиялардың тексеруі нәтижесінде отбасының шынайы тұрмыстық жағдайы анықталып, көмектен бас тарту фактілері де тіркелген. Соның нәтижесінде 31 614 отбасыға, яғни 161 285 адамға АӘК берілмеді.
Жалпы 2024 жылы атаулы әлеуметтік көмек шамамен 78,1 мың отбасыға немесе 413,7 мың адамға тағайындалған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында АӘК-ті тек шынымен мұқтаж жандарға беруді қатаң тапсырған болатын. Осы тапсырманың аясында Еңбек министрлігі қажеттілік критерийлерін күшейтіп, кірістермен бірге шығындарды да ескеретін жаңа параметрлер енгізуді ұсынып отыр.
Жаңа тетікке сәйкес, азаматтардың қаржылық жағдайын дәлірек анықтау үшін банктік шоттардағы ақша қозғалысын талдау қарастырылып отыр.