Кейбір қазақстандықтарға зейнетақы төленбеуі мүмкін: министрлік жаңа өзгерістерді жария етті

Автор: Нұргүл Абай

100 мыңнан астам қазақстандықтың тұрақты тіркеуі жоқ

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда тұрғылықты тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақыны төлеу тоқтатылуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Әлеуметтік кодекске міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты реттеуші саясаттың консультативтік құжатын әзірледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, ел аумағында тұрақты тұратын Қазақстан азаматтарына, қандастарға және шетелдіктерге зейнетақы мен жәрдемақы төленеді. Алайда мониторинг кезінде зейнетақы мен жәрдемақы алып жүрген 100 мың 103 адамның тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелмегені анықталған. Ал 28 мыңнан астам адамның уақытша тіркеуі ғана бар.

Осыған байланысты министрлік мемлекеттік органдардың ақпараттық базасында тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуді уақытша тоқтата тұруды ұсынып отыр. Ведомство бұл шара бюджет қаражатын үнемдеуге оң әсер етеді деп санайды.

Сонымен қатар Еңбек министрлігі арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында, мысалы қарттар үйінде тұратын және түрмеде отырған адамдардың зейнетақысы мен жәрдемақы төлемін уақытша тоқтатуды жоспарлап отыр. Өйткені мемлекет оларды асырауға онсыз да көп ақша жұмсайды, оның үстіне зейнетақысы мен жәрдемақысын төлейді. Ал бұл мемлекеттің бюджетіне ауыр салмақ салады дейді ведомство.

Министрлік осы нормаларды ұсынар алдында халықаралық тәжірибені зерттеген.

Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған.