$ 537.91  628.87  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Күнбағыс майын өндіреді: Семейде тағы төрт индустриялық-инновациялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр

Жобалардың жалпы құны 24 - 25 млрд теңгеге жетеді деген боллжам бар 

Күнбағыс майын өндіреді: Семейде тағы төрт индустриялық-инновациялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр
Фото: Freepik

Соңғы бес жылда Семей қаласының өнеркәсібі тұрақты дамып, өндірістік қуаты артты, жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Өңірдің экономикасына инвестициялар тартыла бастады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі алдыңғы бес жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тамақ өндірісінде күнбағыс майы, шұжық, дайын ет өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндірісі айтарлықтай ұлғайды. Химия өнеркәсібінде, әсіресе полимер негізді бояулар мен лактар өндірісі артты. Металл емес минералды өнімдер өндірісінде цемент, бетон және құрылыс ерітінділері өндірісі тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Жиһаз өндірісі де даму үстінде. Мәселен, ас үй және кеңсе жиһаздарының өндірісі едәуір көбейген, ал металл бұйымдары саласында орталық жылыту қазандықтарының өндірісі бірнеше есеге артты. Осы көрсеткіштер қаладағы кәсіпорындардың әртараптанғанын және өндірістің жаңа технологияларға бейімделіп жатқанын айқын көрсетіп отыр.

2024 жылы өнеркәсіп саласында төрт ірі жоба іске қосылды. Олар шамамен 180 жаңа жұмыс орнын құрып, жалпы құны 8–9 млрд теңгеге жетті. Жобалар арасында хризотилцемент парағын шығару, металлургиялық цех салу, автомобиль қалдықтарын қайта өңдеу кешені және оқшауланған құбыр шығаратын зауыт бар. Бұл жобалардың барлығы қаланың өндіріс көлемін арттырумен қатар, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Биыл Семейде тағы төрт индустриялық-инновациялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар шамамен 600 жаңа жұмыс орнын құрады және жалпы құны 24-25 млрд теңгеге жетеді деп күтіліп отыр.  Жоспарланған жобалар ішінде сұйық өнімдерге арналған картон қаптама шығару, күнбағыс майын өндіру, өндірістік алаңдарды кеңейту және технологиялық желілерді жаңғырту бар. Сонымен қатар, қаланың инвестициялық пулында OSB-плиталар мен фанера шығаратын зауыт та бар.

2027 жылға дейін қосымша алты ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Олар 1 000-нан астам жаңа жұмыс орнын құрып, ағаш өңдеу, өсімдік майын өндіру, күнбағыс тұқымын өңдеу, арнайы қорғаныш аяқ киім шығару, газоблок өндірісі және ит тамағын өндіру салаларын қамтиды. Жақын жылдары Семейдің өндіріс әлеуеті едәуір арттыратын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беретін жобалар іске асады.

Семей қаласының өнеркәсібі жаңа технологияларды енгізу арқылы өндірістің тиімділігін күшейтіп, өнім сапасын жақсартуда. Жаңа кәсіпорындар мен инвестициялық жобалар қала тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Осы аталған өзгерістер Семейді инновациялық даму мен экономикалық тұрақтылық айқын көрінетін қала ретінде қалыптастырып келеді.

Серіктес жаңалықтары