$ 537.91  628.87  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс орындарын көбейту: БҚО-да маңызды 35 жоба іске асады

Өңір инвестиция тартудан жетістікке жетіп келеді 

Инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс орындарын көбейту: БҚО-да маңызды 35 жоба іске асады
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Батыс Қазақстан облысы – Қазақстанның батыс қақпасы ғана емес, сондай-ақ ел экономикасының алдыңғы шебінде тұрған стратегиялық өңірлердің бірі. Аймақтың географиялық орналасуы көршілес Ресеймен шекаралас болуына байланысты халықаралық сауда-саттық пен транзиттік қатынаста ерекше орын алады. Сонымен қатар мұнда мұнай-газ өнеркәсібі, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс сынды негізгі салалар қатар дамып келеді. Табиғи ресурстардың мол қоры мен қолайлы бизнес-климат аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жобалардың басталуына жол ашып отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылға негізгі капиталға салынатын инвестициялардың жоспарлы көлемі 841 млрд теңге деңгейінде бекітілген. Бұл көрсеткіш өңірдің даму қарқынын айқындайтын маңызды меже болып табылады. Қазіргі таңда тартылған қаржы көлемі 193,5 млрд теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсімнің бар екенін байқатады. Мәселен, 2024 жылдың алғашқы айларында бұл көрсеткіш 178,3 млрд теңгені құраған еді. Демек, аймақ экономикасы жылдан жылға серпінді дамып келеді.

Жаңа жобалар өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді

Жыл ішінде жалпы құны 56,9 млрд теңгені құрайтын 35 жоба қолға алынған. Аталған жобалардың аясында 837 жаңа жұмыс орны ашу көзделуде. Бұл – тек цифр ғана емес, мыңдаған отбасына тұрақты табыс әкелетін әлеуметтік маңызды бастама.

Қазіргі таңда бірнеше жоба сәтті жүзеге асырылды. Орал қаласында көтерме-тарату орталығы іске қосылды. Бұл орталық аймақтағы азық-түлік пен тұтыну тауарларының жеткізілуін жеңілдетіп, логистикалық жүйені жетілдіреді. «Оралагрореммаш» ЖШС арнайы техниканы бояйтын цех ашып, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласына қажетті техникаларды жөндеуге мүмкіндік жасады. Ал Ақжайық ауданында «Amaner IZI» ЖШС суармалы учаскелер құрып, жергілікті шаруашылықтардың өнімділігін арттыруға бағытталған жобаны бастады. Осы үш жобаның өзі өңірдің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және логистика салаларын жандандырып отырғанын атап өткен жөн.

Алдағы уақытта жүзеге асырылатын ірі бастамалар қатарында Ақсай қаласында екі қонақ үй салу жобасы бар. Бұл өңірдің туризм әлеуетін арттырып, қызмет көрсету саласын жаңа деңгейге көтереді. Сонымен бірге «Синтез Урал» ЖШС химиялық қоспа өнімдерін өндіретін зауыт ашуды жоспарлап отыр. Бұл өндіріс құрылыс материалдарының сапасын жақсартып, импорттық тәуелділікті азайтады. «Бриг Compani» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге ден қойса, «БилгилиГруп» ЖШС тұрмыстық және өнеркәсіптік химия өнімдерін шығару арқылы ішкі нарықты қамтамасыз етуге үлес қосады.

Стратегиялық жобаларға басымдық берілген

Аймақ экономикасын алға сүйрейтін негізгі драйвер стратегиялық маңызы бар ірі жобалар екені анық. Солардың ең ауқымдысы - құны 1,5 трлн теңгеден асатын Сатимола кен орнында калий тыңайтқыштарын өндіру кешенінің құрылысы болып отыр. Құрылыс толық аяқталған соң, өңірде 4900-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл кешен тек облысқа ғана емес, бүкіл Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне тың серпін бермек. Жобаның толық іске қосылуы 2034 жылға жоспарланғанымен инфрақұрылымды тарту жұмыстары қазірдің өзінде басталып кеткен.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнын игеріп отырған негізгі оператор ҚПО б.в. компаниясы да кен орнын кеңейту бойынша жұмыстарды қарқынды жүргізуде. Қазіргі кезде алтыншы компрессордың құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бастама өндірістік қуатты арттырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де күшейтеді. Жоба 2029 жылы толық аяқталмақ.

Шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – «ZhaikPetroleumLTD» ЖШС-нің газ-химия кешені. Мұнда сұйық метанол өндіру жоспарланған. Құны 78,8 млрд теңгені құрайтын бұл жобаның ішінде 58 млрд теңге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландырылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың шілде айында басталып, биылдың өзінде 53 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр.

Инвесторларға қолдау көрсетіледі

Батыс Қазақстан облысында инвестиция тарту және инвесторларға қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыс жолға қойылған. Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жиналып, жобалардың орындалу барысын қадағалайды. 2025 жылы осындай тоғыз отырыс өткізілді. Әр жиында инвесторлар үшін өзекті мәселелер қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Бұл тәсілдің арқасында өңірде бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптасып келеді.

Айта кету керек, былтырғы жыл да Батыс Қазақстан облысы үшін табысты болды. 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі жоспардағы 689,3 млрд теңгенің орнына 712,9 млрд теңгеге жетіп, өсім 4,7 пайызды құраған еді. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі де жоспарланған 1,2 млрд АҚШ долларынан артып, 1,9 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл халықаралық инвесторлардың аймаққа деген сенімінің күшейгенін айқын көрсетті.

2024 жылы іске асырылған ірі жобалардың ішінде Қарашығанақ кен орнын кеңейту аясында бесінші компрессорды орнату, Бөрлі ауданында мұнай өнімдерін сақтайтын резервуарлар паркін салу, Орал қаласында кірпіш зауытын ашу сияқты бастамалар бар. Сонымен бірге мұнай-газ секторы үшін жабдық шығаратын өндіріс орны, минералды су өндіретін зауыт, логистикалық орталықтар іске қосылып, 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Осылайша Батыс Қазақстан облысы жаңа даму кезеңіне шықты. Жоспарланған жобалардың көлемі мен стратегиялық бастамалардың ауқымы өңірдің экономикалық болашағының зор екенін көрсетеді. Инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс орындарын көбейту бағытындағы табанды жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі қарқын сақталса, облыс Қазақстандағы ғана емес, бүкіл өңірдегі инвестициялық орталықтардың біріне айналмақ.

Серіктес жаңалықтары