Бір аймақта 600 мың тұрғын ауызсу тапшылығына тап болуы мүмкін – Мәжіліс депутаты
Темір Қырықбаев оңтүстік аудандардағы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін неше теңге керегін нақты атап көрсетті

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай және Мақтаарал аудандарында Жол картасын жүзеге асыру мәселелері әлі де өткір күйінде қалып отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, өткен шілде айында аймақтағы инфрақұрылым және сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты көптеген мәселе көтерілген.
Депутат ең алдымен 1984 жылы «Сарыағаш» және «Арман» шипажайлары үшін салынған кәріз жүйесінің бүгінде жарамсыз жағдайға жеткенін айтты. Қазіргі таңда Көктерек кентінде орналасқан 60 шипажай мен 1000-нан астам тұрғын үйдің кәріз жүйесі әбден тозған. Мұны шешу үшін Сарыағаш ауданы әкімдігі жобалық-сметалық құжат әзірлеп, ол 2024 жылғы 4 қаңтарда мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Жобаның түзетілген сметалық құны – 1 945 853 млн теңге. 2025 жылға облыстық бюджеттен 191 657 млн теңге бөлінген. Алайда кәріз жүйесінің құрылысын толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге қажет.
«Бұл мәселе көршілес мемлекет пен аудан тұрғындарына үлкен экологиялық қатер төндіруде. Кәріз жүйелерінен шыққан сасық сулар шипажайға жақын орналасқан Келес өзеніне ағып бару қаупі бар. Ал бұл өзеннің суын 600 мыңнан астам адам тұтынып отыр», - деді Темір Қырықбаев.
Депутат айтқандай, биыл Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында 6 нысанның құрылыс жұмыстары басталды. Бұл нысандардың құрылысы аяқталуы үшін 2025 жылға республикалық бюджет есебінен – 7 млн 414 мың теңге қарастыру қажеттілігі туындауда.
«Атап айтқанда, Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауыл округі «Көктерек-Қосшы» бұлағынан елді мекенге ауыз су құбырын тарту құрылысының жобасын аяқтауға республикалық бюджеттен – 1 млн 106 мың мың теңге бөлуді қажет етеді.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округі Алғабас, Ақниет елді мекендерін таза ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысының жобасын аяқтауға – 179 956 мың теңге; Көктерек кенті көшелерін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысының жобасын аяқтауға – 1 млн 286 мың теңге; Сарыағаш қаласы Самал-3 мөлтек ауданын ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысының жобасын аяқтауға – 3 млн 200 мың теңге;
Ақжар ауылдық округі Ақжар елді мекенін сумен жабдықтау жүйелері құрылысының жобасын аяқтауға – республикалық бюджеттен 1 млн 641 мың теңге; Мақтаарал ауданына қарасты Ақжол, Арайлы, Игілік, Мырзакент елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысын қайта құру үшін – 2 млн 855 мың теңге қажет», - деді ол.
Депутат ауыз су мәселесі халықтың наразылығын тудырып қана қоймай, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында жоспарланған инфрақұрылымдардың уақтылы орындалмауының себебі болуы мүмкін екенін атап өтті.