Нұртөре Жүсіп осындай бастама көтеріп, Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады
«Туған жерді таза ұстау» жалпыұлттық акциясын ұйымдастыру керек. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп осындай бастама көтеріп, Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Сенатор жазғы демалыс орындарындағы экологиялық ахуалға алаңдаулы екенін жеткізіп, Бурабай ұлттық паркіндегі жағдайды мысал етті. Оның айтуынша, еліміздегі табиғаты ең әсем өлке бүгінде күл қоқысқа толып барады.
«Оған бірінші кезекте демалушылардың өздері, яғни мына сіз бен біз және өз жұмыстарын тиісті деңгейде атқармайтын ұйымдар кінәлі. Ұлттық парктің жалпы жер көлемі – 129 299 гектар. Бұл – ерекше қорғауға жататын табиғи аймақ. Ал, осы Бурабайға барғанда біз не көреміз? Қаптаған қоқыс... Шашылған заттар... Пластикалық бөтелке, умаждалған пакеттер... Көлдің суы лас... Қандай керемет демалыс аймағы! Қадірін неге білмейміз? Мемлекеттік Ұлттық табиғи парктің тазалыққа жауапты тиісті бөлімдері мен құрылымдары бар. Қоқыстан аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеттік», – деді Сенатор депутаттық сауалында.
Нұртөре Жүсіп өз сауалында бұл жағдай еліміздің басқа аймақтарында да бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Жапония мен Канада сынды мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіруі керек. Ал, тазалықты ұлттық құндылықтар қатарына шығару қажет. Сондықтан мемлекеттік тұрғыдан шұғыл түрде тазалықты сақтау, бақылау, реттеу тетіктерін жетілдіру қажеттігі білініп отыр.
«Сізден осы мәселені қарап, Үкіметтің тиісті құрылымдары арқылы өз құзіреттері шеңберінде іс-шаралар кешенін жедел қабылдауды сұраймыз», - деді сенатор.
Сондай-ақ, сенатор барлық жұмыс мемлекетке, Үкіметке байланысты емес екенін де ескертіп, бұл мәселеге қоғам болып ат салысуымыз қажет екенін айтты.
«Тек қана демалыс аймақтарында емес, тұтас республика территориясында «Туған жерді таза ұстау» Жалпыұлттық акциясын ұйымдастыру керек. Бұл тұрақты өтетін шара болуы қажет. Мұндай акцияны барлық Қазақстан азаматтары қолдайды деп сенеміз», – деді Нұртөре Жүсіп.