Жанабыловтар жарнамасын әлі тоқтатқан жоқ - адвокат оларға неше теңге айыппұл салынуы мүмкін екенін түсіндірді

Автор: Аягөз Құрмаш

Заңсыз лоторея ойнатқандарға 300 АЕК-тен бастап 100 АЕК-ге дейін айыппұл арқалуы мүмкін

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Миллиондаған оқырманы бар ерлі-зайыпты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың курс сатып, оны сатып алғандар арасында көлік ойнатуын құзырлы органдар тексеретін болды. Танымал заңгер Нұрсұлтан Орынбеков Azattyq Rýhy тілшісіне ерлі-зайыпты қандай жазаға тартылуы мүмкін екенін айтып берді.

«Жанабыловтарға байланысты мәселе көпшіліктің назарын аударып отыр. Сырт көзге курс сатып жатқандай көрінгенмен, оның артында лотерея сипатындағы кәсіп болуы мүмкін деген пікір бар. Бұл жайтқа байланысты азаматтар Қаржы мониторингі агенттігіне шағым түсірген. Агенттік түскен шағымды зерттеп, оны Спорт және туризм министрлігінің қарамағындағы Ойын бизнесі және лотереяларды бақылау комитетіне жолдады. Комитет өз құзыреті аясында әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарайды», - дейді заңгер.

Оның айтуынша, әкімшілік шаралар екі кезеңде жүргізіледі.

«Біріншіден, қызметті ерікті түрде тоқтату туралы ескерту жасалады. Екіншіден, айыппұл салу қарастырылады. Айыппұл мөлшері субъектінің мәртебесіне байланысты: егер жеке тұлға болса, 300 АЕК-тен 1000 АЕК аралығында. Егер кәсіпкер (жеке кәсіпкер немесе басқа заңды тұлға) болса, айыппұл мөлшері миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Осы ретте нақты баптары мен айыппұл көлемі әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті нормаларына сәйкес белгіленеді», - дейді заңгер.

Спорт министрлігі блогерге қатысты тексеріс басталғаны жайлы ресми мәлімдеме де жасады.

«Комитетке азаматтардың бірі арыз түсіріп, блогерлердің ұтысын заңдылық тұрғысынан қарауды сұраған. Осыған байланысты Ерболат Жанабыловқа ресми хат жолданып, түсініктеме беру талап етілді. Егер блогер тарапынан жауап түспесе, әкімшілік іс автоматты түрде қозғалады», - делінген хабарламада.

Дегенмен блогер өзінің парақшасында курс сатып алған адамдарға ауласында тұрған көліктер үйлестіріп жатқанын айтып, сабақтарын әлі де жарнамалап жатыр.