Шымкент әкімдігі тамыздың соңында жетім балаларға 78 мың теңгеден таратады – оны алу үшін не істеу керек

Автор: Бақыт Шынар

Бір реттік төлем Конституцияның 30 жылдығына орай төленбек

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сай, қала әкімдігі Конституцияның 30 жылдығына орай, арнайы санаттағы балаларға бір реттік көмек бере бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлап отырғандай, мәслихат екі топтағы балаларға бір реттік ақшалай көмек аударуды жөн көрген екен.

«Мереке қарсаңында мүгедектігі бар 8323 балаға 5 АЕК (19660 теңгеден) мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек төленеді. Ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 20 АЕК (786 40 теңгеден) мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек қарастырылды», - деп хабарлайды Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Балалар бұл ақшаны алу үшін ешқайда барып, құжат тапсырмай-ақ қойса болады. Қалалық әкімдіктің жүйесі ақшаны автоматты түрде аударады.

«Төлемді алу үшін ешқайда өтініш берудің қажеті жоқ. Қаражат автоматтандырылған база арқылы мүгедектігі бар балалардың аналарының әлеуметтік есепшоттарына автоматты түрде аударылады. Ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған төлемдер оларды заңды қамқорлығына алған азаматтардың есепшоттарына түседі», - деп хабарлайды ӨКҚ.

Ең басты айта кетерлігі, Шымкент қаласына қоныс аударған немесе уақытша тіркеуін басқа қалаға не өңірге ауыстырған тұрғындар егер мемлекеттік зейнетақы төлемдері базасындағы тіркеуі қала аумағында болмаса, жергілікті бюджеттен берілетін бір реттік төлемнен қағылып қалады. Сондықтан қалаға қоныс аударған 18 жасқа дейінгі ерекше баласы бар азаматтарға мемлекеттік зейнетақы төлемдеріндегі тіркеудің Шымкент қаласына ауысқанын қадағалау керек.