ҚТЖ басшысы пойыз билеттерінің тапшылығы қашан жойылатынын айтты

Автор: Нұргүл Абай

Билет әсіресе жаз айларында тапшы дейді ол

Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов 2030 жылға қарай елімізде пойыз билеттерінің тапшылығы болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, биыл жазғы туристік маусымда ҚТЖ қосымша 11 пойызды іске қосып, 300 мыңдай жолаушы тасымалдаған. Көбіне Алакөл, Балқаш, Бурабай бағыттарына сұраныс жоғары болған.

«Қазір билеттердің 87 пайызы әртүрлі сервис арқылы онлайн сатылады. Қысқы уақытта пойызбен қатынайтын жолаушылар саны азаяды, осыған байланысты парктің 30%-ы тоқтап тұрады. Бірақ біз қызметкерлерге жалақы төлеп, пойыздарды күтіп ұстаймыз. Яғни маусымға байланысты. Мысалы жеті айдың қорытындысы бойынша жолаушылар вагондарының орташа толу көрсеткіші небәрі 73% болған. Қыс айларында біз тоқтап тұрсақ, жазда керісінше тапшылық болады. 2030 жылға қарай жылжымалы құрам паркін жаңартып, ұлғайтқаннан кейін бұл мәселе шешіледі», - деді Алдыбергенов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін «Астана – Бурабай» пойызында Илон Масктың Starlink интернеті пайда болғаны хабарланған.