Жемқорлардан тәркіленген қаражат ауылдарды ауыз сумен қамтуға жұмсалады – Альберт Рау

Автор: Бақыт Шынар

Бұл - «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі міндеттің бірі

Фото: партияның баспасөз қызметі

Қостанай облысындағы Николаевка ауылында көп жылдар бойы ауыз су мәселесі шешімін таппай жүрген еді. Енді елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі іске қосылып, ауыл тұрғындары таза ауызсумен қамтылмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Партияның бастамасымен жүзеге асып жатқан орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы осы жылдың қараша айында аяқталмақ. Құрылыстың барысымен Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау мен депутат Еркін Әбіл танысты.

«Бүгінде құны 1,3 млрд теңгені құрайтын нысанның 50 пайызы дайын. 11 шақырым жерге су құбыры тартылып, құдықтар орнатылып, сорғы станциялары құрылды. Сондай-ақ дәнекерлеу және электр-техникалық жұмыстар аяқталды. Жоба Бейімбет Майлин ауданының барлық халқын ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді», - деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Раудың айтуынша, еліміздегі барлық елді мекендерді 100 пайыз таза ауызсумен қамту –«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі міндеттің бірі.

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары жыл сайын ондаған ауылды ауыз сумен қамту жобаларын бюджет жоспарына енгізуге ықпал етіп келеді. Бұған дейін елімізде шамамен 700 ауылда ауыз су мүлде болмаған. Бүгінде жүргізілген жұмыстардың арқасында бұл бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Партиямыздың табанды ұстанымының арқасында арнайы мемлекеттік қордан қосымша қаражат тартылды. Бұған дейін жемқорлардан тәркіленген қаржы тек мектеп құрылысына жұмсалса, біз оны халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты жобаларға да бағыттау қажеттігін көтердік. Соның нәтижесінде еліміздің жүздеген ауылында су құбырын жүргізу мүмкіндігі туды. Алдымызда әлі де үлкен міндеттер бар. Ауыз сумен бірге халық жаңа спорт залдарын, мәдениет үйлерін, әлеуметтік нысандардың да салынғанын қалайды. Дегенмен бірінші кезекте – ауыз су мәселесі. Біз әкімдіктермен және мәслихаттармен бірлесіп, әрбір теңгенің мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауда ұстаймыз», – деді А.Рау.

Депутаттар жергілікті билік өкілдері мен мердігер ұйымдардың ауылдарды орталықтандырылған сумен жабдықтау мәселесіне қатысты есептерін тыңдады. Сондай-ақ әрбір су нысаны бойынша жұмыс кестесі қаралды.