Заманауи технологиялармен жұмыс істейтін офицерлер даярланады
Қазақстанның Қорғаныс министрлігі жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрды. Жаңа құрылым Қарулы күштердің цифрлық трансформациясының негізгі элементі болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің ақпаратынша, бөлімшенің негізгі міндеті – көлемді деректерді талдау, басқаруды автоматтандыру, әртүрлі сценарийлерді модельдеу және қазіргі әскери жағдайда басқару шешімдерін қабылдауды жеделдету.
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жасанды интеллект технологияларын армия қызметіне интеграциялау жаңғырту жолындағы маңызды қадам екенін және қорғаныс саласындағы әлемдік үрдістерге сәйкес келетінін атап өтті.
Жаңа бөлімше отандық және халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарымен, жетекші университеттермен және бейінді IT-компаниялармен етене жұмыс істейді. Сонымен қатар қазіргі заманғы технологиялармен жұмыс істей алатын офицер-талдаушылар және цифрлық технология саласындағы мамандарды даярлау жоспарланып отыр.