Әкімдік сот шешімімен көпқабатты үйді сүріп тастаған
Астанада көпқабатты «Mardan» тұрғын үй кешенін заңсыз салған «Asyl-Nur Qurylys» ЖШС басшыларының бірі тұтқындалды, ал екіншісі іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ ақпаратынша, елорданың полиция департаменті «Asyl-Nur Qurylys» ЖШС құрылыс компаниясының басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
Күдіктілерге Қазақстанның 300-ден астам азаматын алдап соқты деген айып тағылған. Құрылыс компаниясының өкілдері былтыр наурыздан бастап рұқсат құжаттары болмаса да салынып жатқан «Mardan» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді жарнамалап, клиенттермен брондау келісімшартын бекіткен. Олар үйдің құрылысын аяқтауды уәде етіп, үлескерлердің 4 миллиард теңгесін жымқырған.
Астана әкімдігі зардап шеккен адамдардың мүддесін қорғау үшін сот шешімімен құрылысы бітпеген көппәтерлі үйді сүріп тастаған.
«Сотқа дейінгі тергеу аясында ЖШС басшыларының бірі қамауға алынды. Екіншісіне іздеу жарияланды. Қазір тергеу шаралары жүріп жатыр, қосымша сараптамалар күтілуде. Солардың қорытындысы бойынша күдіктілердің әрекетіне түпкілікті құқықтық баға беріледі», - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары құрылыс компаниясына алданып қалған азаматтарды Астананың полиция департаментіне келуді өтінді. Мекенжайы: Сейфуллин көшесі, 37.