Үшеуі де – ұл
Түркістан облысында Шардара ауданының 43 жастағы тұрғыны Орынкүл Нұрабаева үшем босанып, 11 баланың анасы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өмірге келген ұлдардың салмағы – 2265, 2455 және 2405 грамм. Мезгілінен ерте туғандықтан олар дәрігерлердің қатаң бақылауында. Қазір ана мен сәбилердің жағдайы жақсы, перзентханадан үйіне шығарылған.
Түркістан облысы әкімдігінің ақпаратынша, биыл өңірде алты ай ішінде 22 638 сәби өмірге келген. Облыста 22 перзентханада 300-ден астам акушер-гинеколог пен басқа да бейінді мамандар еңбек етеді.
2024 жылы резидентураға 139, ал биыл 150 грант бөлінді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында былтырғы 556 квота толық игерілсе, биыл 640 квотаның 70%-ы орындалған. Заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға екі жыл қатарынан 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Осы жылдың басынан бері №1 облыстық перинаталдық орталықта 4050 нәресте дүниеге келген, оның 72-сі – егіз. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 271 балаға көп, дейді әкімдік.