Қазақстан қандай жігіттерді әскерге алмайтыны белгілі болды

Автор: Нұргүл Абай

Көктемгі науқан кезінде 470 жігіттің суицидке бейімі бары анықталған

Фото: istockphoto.com

Қазақстан армиясында әскерге шақырылатын жастарды іріктеудің жаңа жүйесі –  PSY-суицидке бейімділікті ерте анықтауға бағытталған тәуекел енгізіледі. Бұл әдістеме жастардың психикалық денсаулығын ерте кезеңде бағалауға, суицидке бейімділік белгілерін анықтауға және қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

PSY-тәуекел әдістемесін Қорғаныс министрлігінің әскери психологтары әзірлеген. Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – психикасы тұрақсыз, яғни жүйкесі әлсіз немесе суицидке бейім жастарды ерте анықтап, оларды әскерге жібермей, армиядағы келеңсіз оқиғалардың алдын алу.

Жоба биылғы көктемгі науқан кезінде сынақтан сәтті өткен. Тексеріс барысында суицидке бейімі бар 470-тен астам жас анықталып, олардың бәрі әскерден босатылған немесе қосымша тексеріске жіберілген.

«Біз психикасы тұрақсыз азаматтарды електен өткізіп қана қоймай, әскери бөлімдердің ұжымдарын ықтимал қауіпті жағдайлардан қорғауға ұмтыламыз. Бұл жерде бөлімшелердегі әскерилердің денсаулығы, өмірі және моральдық ахуал туралы сөз болып отыр», – дейді Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыс басқармасының бастығы подполковник Арман Қалышев.

Жаңа жүйе бірнеше кезеңнен тұрады:

  • бастапқы тексеріс (скрининг);
  • тереңдетілген психологиялық тексеріс;
  • қажет болған жағдайда – психиатриялық сараптама, кейбір жастар психиатрге де жіберілуі мүмкін.

«Негізгі мақсат – психоэмоционалды тұрақтылық тұрғысынан Қарулы күштерде қызмет етуге дайын емес адамдарды әскер қатарынан шығару», - дейді ведомстводағылар.

Үкіметтің тапсырмасымен қолға алынған PSY-тәуекел жүйесі еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен енгізілмек.