Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады
Әнші Димаш Құдайберген қатысқан концертте күтпеген жағдай болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әнші сахнаға шыққан соң неге екені белгісіз оркестр ұзақ уақыт үнсіз қалған. Алайда Димаш сасқан жоқ, өзінің кәсіби шеберлігінің арқасында музыканы күтпей-ақ, әнді бастан-аяқ акапелламен айтып шықты. Зал сүйікті әншісіне қолдау көрсетті.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Оған пікір білдірген желі қолданушылары әншінің кәсіпқойлығына таңдай қағып жатыр. Мұны Димашты сүріндіру үшін қасақана жасады деп жатқандар да бар.
«Оркестр неге ойнамады? Алайда Димаш сасқан жоқ», «Димаш жарады. Сірә, солай ойластырылған секілді», «Димашқа оркестрдің керегі не? Барлық нотаны біледі», - деп жазып жатыр олар.
Еске сала кетейік, жақында Димаш Құдайберген Қырғызстанның Халық әртісі атанды. Марапатты Шолпан Ата қаласында өткен «Мейкин Азия» IV халықаралық музыка фестивалінде Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов табыстады.
Димаш Құдайберген марапат алған соң қырғыз халқына өзінің жылы лебізін білдірді.
«Бұл марапатты менің сіңірген еңбегімнің марапаты ретінде қабылдағым келіп тұрған жоқ әзірге. Болашақта екі ел арасында мызғымас бірлік үшін жасалатын қызметке аванс ретінде берілді деп қабылдаймын. Бұл қазақ пен қырғыз халқы достығының символы деп білемін. Қазақ халқына көрсетілген құрмет деп түсінемін», - деді Димаш Құдайберген.