«Жарнамаға сеніп, қымбат витаминдер береді»: Семейдегі педиатр ата-аналардың басты қателігін айтып берді

Автор: Темірхан Айжан

Ол қазіргі күні балаларда жиі кездесетін дертті атады 

Фото: Рыскүл Мырзабекованың жеке мұрағаты

Семей қалалық көпбейінді ауруханасында қызмет етіп жүрген тәжірибелі балалар дәрігері Рыскүл Мырзабекова Azattyq Rýhy тілшісіне педиатрия мамандығының қызығы мен қиындығы, сәбилерде жиі кездесетін сырқаттар мен ата-аналардың жауапкерлшілігі туралы айтып берді.

Рыскүл Мырзабекованың балаларды емдеп келе жатқанына 15 жыл болған. Әуелі өзінің туған жері Үржар ауылында қызмет етіп, кейін Семей қаласына көшіп келген.

«Баланың тілі жоқ, ауырған жері айта алмайды, педиатр болу қиын деп жатады. Бірақ біз үшін ең қиыны ата-ананың сеніміне ие болу. Әр ата-ана ең қымбат жанның денсаулығын сіздің қолыңызға тапсырады. Сондықтан дәрігерлер балалармен тығыз, жақсы қарым-қатынас орнатуы тиіс. Сол кезде бөбектер де тез жазылады. Педиатрия – өзінің ерекшелігімен дараланатын сала. Бұл мамандық сәбидің дүние есігін ашқан сәтінен бастап, жасөспірімдік кезеңге дейінгі баланың денсаулығын жіті бақылауды, оның өсіп-жетілуіне жан-жақты көңіл бөлуді талап етеді. Біз тек физикалық жағдайын ғана емес, психологиялық тұрғыдан да әр баламен тіл табысып, оны емдеп, қолдау көрсетуге тырысамыз. Баланың сауығып, ата-ананың қуаныштан жүзінің бал-бұл жанғанын көру – мен үшін үлкен бақыт, баға жетпес марапат», - дейді ол.

Рыскүл Мырзабекова бұл саланы өз жан қалауымен таңдаған, тіпті әкесінің жетелеп әкеліп тапсыртып кеткен мамандықтан бас тартып, ешкімге айтпай дәрігерлік оқуға ауысып кеткен.

«Дәрігер болам деген арманым бала күннен жүрегіме ұялады. Кішкентай кезімде анам жиі ауырып қалатын. Көрші-қолаңнан дәрі сұрап, іздеп жүріп, қалай да тауып әкеліп беретінмін. Сол дәрі көмектесіп, анам жазылып кетсе, үй ішіне жылылық енгендей, бәрі жарқырап сала беретін. Мен үшін бұл ерекше сезім болатын. Анамның беті бері қарағаны менің көңілімді орнына түсіретін.

Мектепте оқып жүргенде әкем ветеринар болып жұмыс істеді. Өз ісін сүйетін, білікті маман еді. Ауылдастары үнемі алғысын жаудырып жүретін. Әкем үйге келгенде күн сайын жұмысында біреудің мал-жанына қалай жәрдемдескенін айтып отырады. Оның жануарларға қамқорлық жасауы бала көңіліме үлкен әсер етті. Содан бастап мен де адамдардың алғысын алғым келді. Аурудан айығып, сауығып кеткен жандардың қуанышын көргім келді.

Дегенмен, әкем алғашында медицинаның қиындығын айтып, бұл салаға баруыма қарсы болды. «Балалармен жұмыс істеу оңай емес» деп, мені мұғалімдік мамандыққа бағыттауға тырысты. Осылайша Шәкәрім университетінің химия-биология пәні бойынша оқуға тапсырдық. Әкем ауылға қайтқаннан кейін мен Семейде қалып, оқуға дайындала бастадым. Бірақ бұл менің таңдауым емес екенін түсіндім, әпкеме айтып едім, ол: «бұлай болмайды, арманыңнан бас тартпа, университеттен құжаттарыңды алып, медициналық академияға тапсырайық», - деді. Ешкімге айтпай, екеуміз университеттен құжатты алып, медициналық оқуға өткізіпі, армандаған мамандығыма түсіп кеттім. Қазір әр балаға ем қонып, жазылғанын көрген сайын шабытым ашылады. Мамандық таңдаудан қателеспегеніме қуанамын», - дейді дәрігер.

Ол өзі қызмет атқаратын Семей қаласындағы ауруханаға балалардың көбіне қандай сыртқаттармен түсетінін және ата-аналардың сәби денсаулығында жіберетін қатесі туралы баяндады.

«Семей қаласына көшіп келгеннен бері пульмонология бөлімінде балалармен жұмыс істеймін. Бұл бөлімге тыныс алу жүйесі ауруларымен және асқазан-ішек жолдары сырқаттары, аллергиямен балалар келіп түседі.  Жалпы, соңғы жылдары ата-аналардың медициналық сауаты артып келе жатқаны қуантады. Бұрынғыдай пневмония, іш өту сияқты асқынған жағдайлармен жиі келмейді. Қазіргі жас ата-аналар балаларының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дамуына ерекше көңіл бөледі. Бірақ кейде бұл қамқорлық шектен шығып кетіп жатады. Жарнамаға сеніп, қымбат витаминдер мен қажеті жоқ дәрі-дәрмектерді беретіндер де бар. Өкінішке қарай, керісінше, тек бала ауырғанда ғана дәрігерге жүгінетін ата-аналар да кездеседі. Уақыты тығыз, жұмыстан босамай, баланың тамақтануына, ұйқысына көңіл бөлмей жатады. Соның салдарынан артық салмақ, семіздік, қозғалыс белсенділігінің төмендігі, гаджетке тәуелділік секілді мәселелер жиі кездесуде. Балалардың фастфудқа әуестігі де тамақтану режимінің бұзылуына әкеліп соғады», - деді дәрігер.

Рыскүл Мырзабекова биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылына» қатысты өз пікірін білдіреді.

«Жұмысшы мамандықтар жылы – жақсы істің бастауы деп ойлаймын. Қазір білім мен кәсіби шеберліктің заманы. Бір мамандықты жетік меңгеру үшін адам терең білім мен табандылық танытуы керек. «Еңбек бәрін жеңбек» дейді ғой, сол еңбектің нәтижесін көру – үлкен бақыт. Жастарды еңбекке баулып, білім мен кәсіби бағытқа бағыттау қажет. Жұмысшы мамандықтар жылында кәсіби білім мен шеберлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінсе, еліміздің болашағы да жарқын болмақ. Өзім де арманы асқақ, білімге ұмтылған жастың анасымы. Қызым менің жолымды қуып, педиатрия мамандығын меңгеріп жатыр. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш», - деді дәрігер.

Айта кетсек, президенттің тапсырмасымен биылғы жыл - ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Жұмысшы мамандар жылы деп аталған. Осы бастаманың аясында түрлі сала қызметкерлерінің еңбегі еленіп, әлеуметтік жағдайы мен жұмыс шарттарына баса назар аударылады.