«Отыз жыл бұрын мұнай нәрсе мүлде болмаған»: Әлназарова үкіметте дабыл қақты
Денсаулық сақтау министрі дәрігерлерге шабуыл жасағандар жеті жылға сотталуы мүмкін екенін ескертті

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне күш көрсетіп, шабуыл жасағандар қанша жылға сотталатынын айтты. Өзгерістер күзде Парламентке ұсынылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы тиісті тапсырма берді, кеше премьер-министрдің қатысуымен өткен кеңесте де нақты тапсырмалар жүктелді. Шындығында, мен еңбек жолымды медбике және қабылдау бөлімінің дәрігері ретінде бастағанмын. Ол кездерде, отыз жыл бұрын мұндай жағдайлар мүлдем болмаған еді. Ал бүгінде біз мұндай оқиғаларды ай сайын тіркеп отырмыз, бұл, әрине, жағдайдың өте күрделі екенін көрсетеді», - деді Әлназарова.
Оның айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа нормалар әзірленген.
«Қазір бас прокуратура және ішкі істер министрлігімен бірлесіп, алдын ала оң қорытындыларды пысықтап жатырмыз. Қылмыстық кодекске медициналық қызметкерлерге жасалған шабуылдарға қатысты жеке баптар енеді. Бұл - жаңа 158-1 бабы. Жаңа бап бойынша, егер медициналық қызметкерге күш қолданамын деп қорқыту фактісі тіркелсе, 2 жылға дейін бостандығын шектеу жазасы қарастырылады. Ал егер нақты күш қолдану фактісі орын алса, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады», - деді ол.
Министрдің айтуынша, егер бұл төтенше жағдай кезінде жасалса 10 жылға дейін, ал бір немесе бірнеше адам тарапынан бірнеше медицина қызметкеріне қауіп төнсе 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Сондықтан бұл — біздің медицина қызметкерлерін қорғауға арналған өте орынды әрі әділ шаралар. Бұл өзгерістер қыркүйек айында Парламентке енеді», - деді Ақмарал Әлназарова.
Бұл мәселеге қатысты премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев та өз пікірін айтты.
«Бұл жерде тәрбие мәселесі де бар. Қазіргі қоғамда азаматтардың кейбірі өз міндетін атқарып жүрген мемлекеттік қызметкерлерге, квазимемлекеттік сектор мен қоғамдық сала өкілдеріне шабуыл жасайды. Мәселе тек медицина қызметкерлеріне ғана қатысты емес. Басқа саладағы мамандарды да дәл солай қорғау қажет. Кеше премьер-министр жиын өткізіп, нақты тапсырмалар берді. Әлеуметтік қызметкерлер бір жерге барса халық ашуын солардан алады. Мұғалімдерге де шабуылдар көбейіп жатыр. Бүгінде заң бойынша мұғалімдер қорғалған. Алдағы уақытта бұл мәселелерді де депутаттармен бірлесе талқылап, азаматтарға жеткіземіз», - деді ол.