Мектептер мен әскери бөлімдер арасында бірыңғай жоспар құрылған
Семей қаласында өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды шара жүйелі түрде жүзеге асып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елдің ертеңі – бүгінгі жас буын екенін жете түсінген қала әкімдігі жастардың отансүйгіштік рухын көтеруге айрықша көңіл бөледі. Осы мақсатта қала мектептері мен әскери бөлімдер арасында бірыңғай жоспар құрылып, бірлескен жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінде Семей қаласына қарасты №5, 9, 11, 16, 17, 28, 37, 38, 40, 41, 42, 49 және Ж.Аймауытов атындағы мектептерде «Жас сарбаз» сыныптары ашылып, 411 оқушы әскери-патриоттық бағытта тәлім алуда.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында да оқушылар белсенділік танытып келеді. Мектеп қабырғасында түрлі челлендждер мен байқаулар ұйымдастырылып, білім ордаларының аумағына жасыл желек егілді. Бұл игі іс табиғатқа жанашырлықты қалыптастырумен қатар, оқушылардың экологиялық мәдениетін арттыруға сеп болып жүр.
Білім беру ұйымдары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да жүйелі шараларды қолға алған. Құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнатылып, мектеп инспекторлары тұрақты түрде оқушыларға «Заң және тәртіп» тақырыбында түсіндіру жүргізеді. Қоғамдық құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қаланың барлық мектебінде психологиялық және заңгерлік қолдау көрсететін «111» байланыс орталығының QR кодтары орнатылған.
Жол қауіпсіздігі мәселесі де назардан тыс қалған емес. Мектеп маңындағы көшелерде ескерту белгілері мен жасанды жол кедергілері қойылып, «Жас қозғалыс инспекторлары» отрядтары құрылған. Олар жолда жүру ережелерін насихаттап, оқушылардың қауіпсіздігін күшейтуге атсалысуда. Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында апта сайын қауіпсіздік сабақтары өткізіліп келеді.
Жастардың салауатты өмір салтын ұстануы мен қауіпсіз қоғам құруға атсалысуы үшін «Буллингтен қорғау!», «Салауатты көзқарас», «Өмірге салауатты қадам», «Қауіпсіз қоғам» сияқты жобалар қолға алынып, іске асып жатыр.
Семей қаласының әкімдігі алдағы уақытта да жас ұрпақтың бойына елжандылық пен жауапкершілік сезімін ұялататын, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.