Алматы облысында 10 жастағы баланы иттерден құтқарып қалған ер адам марапатталды
Ауыл тұрғынына ақшалай сыйақы табысталды

Алматы облысында кәмелетке толмаған баланы иттердің аранынан арашалап қалған ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбаев марапатталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 30 маусым күні болған. Алмалыбақ ауылындағы футбол алаңында ойнап жүрген 10 жасар баланы үш ит талап, құлағын жұлып, сан етін тістеп тастаған еді. Баланы сол маңнан өтіп бара жатқан ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбаев құтқарып қалған.
«Бұл – нағыз азаматтық батылдық пен шынайы ерліктің үлгісі. Серікбек Сақайбаевтың батылдығы елеусіз қалмады. Оған құрмет көрсету мақсатында арнайы марапаттау шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров Серікбек мырзаға Алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық табыстады», - деп мәлімдеді Алматы облысының әкімдігі.
Сонымен қатар, мерекелік жиынға аудандық полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев пен төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков арнайы келіп, Серікбек Сақайбаевқа Алғыс хат пен естелік сыйлық берген. Қарасай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов батасын беріп, бұл ерлік елге үлгі болатынын атап өтті.
Қарасай ауданы әкімдігі баланың тезірек сауығып кетуін тілеп, бұл істі толық бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Ал тұрғындарға заңсыз және бақылаусыз ит ұстау деректері анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе аудан әкімдігіне дереу хабарлауға кеңес берді.