Енді медицина колледжіне оқуға түсінетіндер міндетті түрде арнайы емтихан тапсырады
Министрлік талаптарды қатаңдатып жатыр

Қазақстанда медицина колледждеріне түсетін талапкерлер таңдаған мамандығына байланысты емтихан тапсырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Медицина колледжіне түсу үшін таңдалған мамандыққа байланысты екі пәннің біреуінен арнайы емтихан енгізілді. Бұл емтиханды стоматология мен ортопедияны таңдағандар ғана тапсырмайды, қалған мамандықтар үшін міндетті болады.
Емтихан кезінде түлектердің бейіндік пәндер бойынша базалық білімі мен мотивациялық деңгейі бағаланады.
«Мемлекет басшысы жариялаған жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз орта медициналық білім алатын мамандарды даярлау сапасына қойылатын талаптарды арттырамыз. Мотивация мен дайындықты бағалаудың бірыңғай тәсілі есебінен түсу кезінде әділеттілік қамтамасыз етіледі. Бұл қоғамның медицина кадрларын даярлау жүйесіне деген сенімін арттырудың алғашқы қадамы», - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомство талапкерлер мен олардың ата-аналарын қабылдаудың жаңа шарттарымен мұқият танысуға және арнайы емтиханға алдын ала дайындалуға шақырды.
Қосымша ақпаратты оқу орындарының ресми сайты мен ақпарат жүйелерінен алуға болады.