Қазақстанда 4 млн теңге сыйақысы бар «Үздік педагог» байқауы басталды

Автор: Нұргүл Абай

Конкурс үш кезеңнен тұрады

Фото: gov.kz

Елімізде ұстаздарды қолдау мақсатында «Үздік педагог» байқауы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі. Жеңімпаздарға 1000 АЕК (3,9 млн теңге) көлемінде мемлекеттік сыйақы қарастырылған», - деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігі.

Дәстүрлі байқауға мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтары қатыса алады. Яғни, балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері бақ сынайды.

Конкурс үш кезеңнен тұрады:

  • 1-кезең – аудандық, қалалық деңгей (8-25 шілде аралығында);
  • 2-кезең – облыстық деңгей (28 шілде мен 15 тамыз);
  • 3-кезең – республикалық деңгей (18 тамыз – 18 қыркүйек).

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған мұғалімдер республикалық деңгейге өтеді.

Байқауға қатысуға өтінім қабылдау, тіркеу, конкурс құжаттарын тапсыру, бағалау uzdikustaz-nobd.edu.kz  веб-порталында жүргізіледі.

Министрлік атап өткендей, республикалық «Үздік педагог» конкурсы 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Осы уақытқа дейін 700-ге жуық білім саласының үздігі анықталды. «Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжат тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар ұстаздар үміткер бола алады.