Енді отбасын құрған қазақстандықтар жұбайының келісімінсіз кредит ала алмайды

Автор: Нұргүл Абай

Мұндай келісімді банк талап етеді

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда ерлі-зайыптылар банктен немесе микроқаржы ұйымынан сомасы 1 000 айлық есептік көрсеткіштен асатын несие рәсімдемес бұрын алдымен жұбайының келісімін алуы керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тиісті қаулы жобасын әзірледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биыл 1 000 АЕК 3 млн 932 мың теңгеге тең.

«Қаулы жобасы банктердің және микроқаржы ұйымдарының 1000 АЕК және одан асатын сомада кепілсіз тұтынушылық банк қарызын (микрокредит) беру үшін жеке тұлғаның жұбайының келісімін алуын, сондай-ақ мұндай келісім талап етілмейтін жағдайларды көздейді», - делінген құжатта.

Егер жеке тұлға банкке қосалқы қарыз алушы ретінде жүгінсе немесе кредит ішкі қайта қаржыландыруға жатса онда жұбайының келісімі талап етілмейді.

Қаулы жобасы 23 шілдеге дейін қоғам талқысына шығарылды.

Тегтер: