Қазақстанда киік еті қаншадан сатылады – министр жауап берді

Автор: Нұргүл Абай

Киік етін өңдейтін 18 кәсіпорын анықталды

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда бір келі киік етінің бағасы он күннен кейін белгілі болады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жуырда Батыс Қазақстан облысында киік аулау ресми түрде басталған болатын. Ауланған киік еті арнайы белгіленген ет өңдеу кәсіпорындарына жеткізіледі. Осыған байланысты журналистер АШМ басшысынан киік еті халыққа қанша теңгеден сатылатынын сұрады.

«Бұл жұмыс енді ғана басталды, мұнымен Экология министрлігі айналысып жатыр. Біздің міндет – ет комбинаттарымен қамтамасыз ету. Бүгінде осындай 18 кәсіпорын тіркелген, ол жерде ветеринарлар жұмыс істейді. Етті қандай бағамен қабылдайды, қалай сатады, логистика жағы – осының бәрін есептеу керек. Бір апта немесе 10 күннен кейін бір келі еттің бағасын айтамыз деп ойлаймын», - деп жауап берді Сапаров Үкіметте өткен брифингте.