Өскемендік параспортшы Спорт және туризм министрлігін сотта жеңіп шықты

Автор: Темірхан Айжан

Министрлік оған ақшалай сыйақысын беруі керек 

Фото: Freepik

Мүмкіндігі шектеулі спортшы халықаралық жарыстарға қатысып, жүлдемен оралса да оған тиісілі сыйлықтар берілмегенін айтып, сотқа жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Спортшы ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт клубының атынан пара-қол күресінен халықаралық чемпионаттарда өнер көрсеткен. 2022 және 2023 жылдары Анталия және Алматы қалаларында өткен әлем чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған. Оның іссапар шығындары ғана төленіп, ақшалай сыйақы берілмеген.

Мұны Спорт және туризм министрлігі жаңа нормативтік актілерді алға тартып, түсіндіруге тырысқан. Бірақ, сот параспортшыға ақшалай сыйақы төлеу туралы шешім қабылдады. 

Соттың шешімі:

Сот министрліктің спортшыға сыйақы төлеуден бас тартуын заңсыз деп таныды, себебі:

  • 2022 жылғы жарыс кезінде жаңа талаптар күшіне енбеген.
  • Жаңа ережелерді кері қолдануға болмайды.
  • Паралимпиадалық емес спорт түрлерін ынталандыруға тікелей тыйым салынбаған.
  • Ақшалай сыйақы төлеуден бас тарту Конституцияға, халықаралық міндеттемелерге және кемсітушілікке жол бермеу қағидаттарына қайшы.
  • Спортшы мемлекет мүддесі үшін жарыстарға қатысқан.

Сот спортшының талаптарын қанағаттандырып, министрлікті ақшалай сыйақыны заңда көзделген тәртіппен төлеуге міндеттеді.