Өрттен кейін далада қалған отбасы биліктен көмек күтіп отыр
Қостанай қаласында зейнет жасындағы ерлі-зайыпты отбасы 31 мамырда болған өрттен кейін шатырда түнеп жүр. Олар тұрған төрт пәтерлі үйдің шатыры отқа оранып, тұруға жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Наша газета» басылымына сілтеме жасап.
Күлімхан Сыбанқұлованың айтуынша, өрт бос тұрған пәтерден басталып, кейін төбе арқылы өзге пәтерлерге жайылған.
«Қазір тек асүйіміз ғана қалды – шай ішеміз. Ал түнде күйеуім екеуміз палаткада ұйықтаймыз. Ол – үшінші топтағы мүгедек, ал мен – көпбалалы зейнеткермін», – дейді ол.
Өртеніп кеткен үйдің тұрғындары жергілікті әкімдікке бірнеше рет жүгінген. Шенеуніктер уақытша көмек көрсетіп, жағдайды «бақылауда ұстап отырғандарын» айтқан.
«Екі апта өтті, бірақ ешкім келген жоқ. «Бақылаймыз» дейді. Қалай бақылайды, егер үйді көруге де келмесе? Жаңа үй немесе жөндеу үшін демеуші іздеп жатырмыз дейді. Бірақ Төтенше жағдайлар қызметі де, тергеу де – үй қалпына келмейді деді. Өйткені қабырғалардың бәрі су сіңіп, іштен шіріп кеткен», – деп мәлімдеді Күлімхан апа.
Тұрғындардың айтуынша, бұл үй соңғы 1,5 жылда екінші рет өртеніп отыр. Бұған дейінгі өрт те сол пәтерден шыққан – ол кезде газ баллоны жарылған. Сол жолы әкімдік үйдің шатырын жөндеп бергенімен, қалған бөлігін тұрғындар несие алып, өздері қалпына келтірген.