«Дәрігер Talks» алаңы: ақ халаттылардың үні қоғамға жетті

Автор: Темірхан Айжан

Нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев Қазақстан дәрігерлерінің халықаралық дәрежедегі жетістігі туралы айтты 

Фото: bmcudp.kz

Астанада өткен «Дәрігер Talks» партиялық диалог алаңы ақ халатты абзал жандардың қоғаммен ашық талқы құруына мүмкіндік берді. Нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев дәрігерлерге жиі сын айтылып, олардың көзге көрінбейтін ерен еңбегі қоғамға жетпей жататынын атап өтті. Дәрігердің сөзінше, медицина қызметкерлеріне артылар жүк көп, сол себепті олар кәсіби және эмоциялық тұрғыда күйзеліске бейім келеді. Сондай уақытта дәрігерлердің сала туралы өз ойын ашық айтып, проблемасын көтеріп, жұмысындағы қиындықты қалай еңсергенін бөлісе алатын «Дәрігер Talks» сияқты алаңның болуы өте маңызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Биыл өткен іс-шарада ауыл мен қаладан келген дәрігерлер марапатталды. Олар көкейтесті ойларын үлкен аудиторияға ашық айтты. Біз әріптесім Марат Саршаевпен бірге нейрохирургия тақырыбында сөйледік. Марат Аманғалиұлы Алматыдағы жер сілкінісі кезінде операция жасағаны туралы айтты. Ол ота үстелінде жатқан науқастарды тастап кетпей, ісін соңына дейін жеткізген. Бұл ерлікке пара-пар әрекет. Ерлік деген өз тағдырын қатерге тігіп, сол арқылы басқаның өмірін аман алып қалу ғой. Одан кейін Париж қаласында өткен халықаралық конференцияда жасаған екі күрделі операция туралы баяндадық», - деді Мыңжылқы Бердіқожаев.

Дәрігерлер биыл Парижде өткен халықаралық конференцияда екі қиын операцияны сәтті орындаған. Бірінші операция кезінде науқаста ұйқы артериясының критикалық стенозы (тарылуы) анықталды, сонымен қатар миындағы алдыңғы байланыстырушы артерияда аневризма болды. Науқастың қан қысымы өте жоғары болған, әрі диабетпен ауырады. Егер уақытылы ем көрсетілмесе, инсульт алып, мүгедек болып қалуы немесе өліп кетуі мүмкін еді.

Екінші операция миына қан кетіп, өлім алдында ауруханаға түскен науқасқа жасалған. Оған «артериялық-веноздық мальформация» диагнозы қойылды. Бұл – өте сирек кездесетін әрі емдеуі қиын сырқат. Операция сәтті өтті, қазір науқас бөлімшеде реабилитациядан өтіп жатыр.

«Адамның өмірі қыл үстінде тұрғанда жасалатын мұндай операциялар Қазақстанда санаулы ғана клиникаларда жасалады.  Біздің клиника Орталық Азияда осы бағыт бойынша жетекші орталықтардың бірі болып отыр. Мұндай операциялар тәжірибе мен жоғары технологияны талап етеді», - деді дәрігер. 

Сөз барысында халықаралық байланыстар мен қарым-қатынастар жайлы, сондай-ақ бұл бағыттағы президенттің қосқан үлесі туралы да айтылды. Болашақта Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасында ғылым мен білім саласында жаңа бастамалардың басталатыны хабарланды. Бұл тек медицина саласы ғана емес, жалпы ғылым қызметкерлері үшін де маңызды қадам болмақ.

«AMANAT» партиясының қолдауымен екінші жыл қатарынан өтіп отырған «Дәрігер Talks» алаңы тек дәрігерлердің ғана емес, медицина саласына қатысты барлық мүдделі тараптардың басын қосатын ерекше платформаға айналды. Мұндай шаралар арқылы дәрігерлер өз еңбектерін көрсетуге, ал қоғам олардың жұмысын терең түсінуге мүмкіндік алады. Мыңжылқы Бердіқожаев атап өткендей, дәрігерлердің еңбегі еленген сайын, олардың өз мамандығына деген қызығушылығы мен ынтасы арта түседі. Күнделікті жаңалықтарда дәрігерлердің жетістіктері аз айтылады, сондықтан «Дәрігер Talks» сияқты алаңдардың маңызы зор.

Бердіқожаев қазіргі уақытта Алматы қаласындағы Президент Іс басқармасының Ұлттық госпиталінде қызмет атқарады. Оның пікірінше, мұндай алаңдар дәрігерлерге мотивация беріп қана қоймай, қоғамның денсаулық сақтау саласына деген сенімін арттырады.